Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жыл басынан “Трибо” ЖШС 354 млн. теңгенің өнімін дайындады

Арман Майсеитов мұнда түрлі қоспалардан қондырғының көмегімен тешегіштің қалыптарын құйып жатыр. Бір сағаттың ішінде ол мұндай бөлшектің мың данасын дайындайды.

Арман Майсеитов – “Трибо” ЖШС қызметкері:


– Сырттан қарағанда жұмыс жеңіл сияқты, шын мәнінде, қалыптарды жасап шығу үшін төзімділік керек. Жұмысқа келгенде алдымен қоспаны дайындап аламын. Кейін оны қондырғыға салып, қажетті қалыпқа келтіремін. Әр бұйымның салмағын өлшеп, оны ыстық пеште тығыздаймыз.

Қазіргі таңда “Трибо” серіктестігінде 50 адам еңбек етеді. Орташа жалақылары 90 мың теңгені құрайды. Қазір серіктестік жұмысшылары 15 мың бірлік тежегіш әзірлеу үстінде. Бұл партия жақында Рудный қаласындағы Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатына жөнелтілмек. Тапсырысты уақытылы аяқтау қажет. Сондықтан, жұмыс қызып, мұндағылар 3 ауысымда еңбек етуге көшкен.

Болат Бақтыбай – “Трибо” ЖШС коммерциялық директоры:

– Биыл 250 мың дана композициялық тежегіш жасап шығардық. Осылай ағымдағы жылы 354 млн теңгенің өнімін дайындадық. Біз жолаушы және жүк вагондарына арналған торлы-сымды қаңқасы бар композициялық тежегіш қалыптарға 3 жыл кепілдік береміз.

Кәсіпорын жүк вагондарына арналған композициялық тежегіш қалыптарын ел нарығына шығарады. Жергілікті өнім Қазақстан нарығында үлкен сұранысқа ие. Кәсіпорын бүгінде еліміздегі “Қазақстан темір жолы”, “Қазақтеміртранс”, “Қамқор Вагон” сынды ірі компаниялармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Алдағы уақытта серіктестік аталмыш өндіріс орындарының басшыларымен бұйымдарды үздіксіз жеткізіп тұру жөнінде ұзақмерзімді келісім-шарт жасаспақшы.

Берик Касен