Балалар

Петропавлда қалалық ғылыми жобалар байқауы өтті

Болашағын айқындап алған ару картография мен геодезия саласын таңдапты. Сол себепті, Альбина 10-шы сыныптан бері ғылыми зерттеу жұмысын жазуды қолға алған. Таңдаған тақырыбы да қызықты. Жас ғалым уақытын зая кетірмей, суды тазалау жүйесінің жаңа әдістерін ойлап тапқан.

Альбина Әшімова – С. Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясының 11-сынып оқушысы:

– Менің таңдаған тақырыбым «Қызылжар су» ЖШС суды тазарту жүйесі» деп аталады. Жобаны 2014 жылдан бері қолға алдым. Бұл саланы таңдауымның өз себебі бар. Әкем осы бағытта жұмыс жасайды.
Екі жыл ішінде зерттелген жұмысымның қорытындысында мен өз ұсыныстарымды және суды тазартудың бірнеше әдісін таптым.

Бүгін Альбина сынды 185 оқушы қалалық ғылыми жобалар сайысында өз еңбектерін қорғап шықты. Бірі экономика, география, математиканы таңдаса, енді бірі гуманитарлық саланы қалаған.

Гүлмира Каримова – Петропавл қалалық бiлiм бөлiмiнiң жетекшiсi:

– Қалалық ғылыми жобалар сайысына биыл 146 еңбек тіркелді. Бүгінгі байқауда олар іріктеліп, облыстық кезеңге жіберіледі. Ал одан соң эксперттерден өтіп, республикалық жарысқа Солтүстіктің құрамасы жасақталады.

Қалалық және облыстық кезеңнен сүрінбегендер келесі жылдың басында Алматыда өтетін республикалық байқауға қатысады.

Айгерим Ержанова