Білім

М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжге 95 жыл толды

Талай талапты жасты қанат қақтырған оқу орнының облыстың білім жүйесіндегі алар рөлін облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова атап өтті.

Анархан Дүйсенова – облыс әкімінің орынбасары:

– Еліміздің кешегісі мен бүгінгісін зерделей қарасақ, керуен көшінің басында келе жатқан білім беру ұясының алтын ордасы Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж түлектері тәуелсіз еліміздің рухани дамуы мен гүлденуіне өз үлестерін қосып келеді.

Кейін, ұзақ жылдар бойы білім беріп жүрген колледж оқытушылары құрмет грамотасы және алғыс хаттармен марапатталды. Орыс тілі пәні мұғалімі Елена Бежик ұстаздарды даярлайтын киелі шаңырақта 10 жылдан бері еңбек етеді. Кезінде өзі де осы оқу орынында білім алыпты.

Елена Бежик – М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжінің орыс тілі пәні мұғалімі:

– Өзім кезінде осы колледжде білім алып, кейіннен осы жерде мұғалімдік қызметімді жалғастыруды ұйғардым. Осы күні білген-түйгенімді шәкірттерге үйретіп келемін. Міне, бүгін еңбегімді елеп, Құрмет грамотасын табыс етіп жатыр. Қуанышым шексіз.

Колледж тарихы сонау 1920 жылы “Қызыл мұғалімдер” курсы ашылғаннан бастау алады. Оқу орнына ақиық ақын Мағжанның есімі 1993 жылы берілген. Білім ордасы барлық көрсеткіштер жөніне республикада алдыңғы қатарда. Бүгінде колледжде 1500-ден астам студент 7 мамандық бойынша білім беріп келеді.

Әсем Жахина – М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжінің қазақ бөлімі меңгерушісі:

 

– Біздің колледжді бітірген түлектер еңбек нарығында бәсекеге қабілетті. Барлығы да жұмыспен қамтылған. Мұғалім кадрларды даярлайтын болғандықтан озық педагогикалық технологияларды қолданып келеміз. Мемлекетіміз тарапынан қойылып отырған барлық міндеттерді ойдағыдай жүзеге асырып жатырмыз.

Жиын соңында колледж шәкірттері шағын концерттік бағдарламаларын ұсынды.

Бакыт Садуакасов