Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстікқазақстандық және ресейлік тәртіп сақшылары екіжақты әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады

Юрий Ястребов – Түмен облысының ІІМБ бастығының орынбасары, РФ:

– Әлемдегі соңғы оқиғалар бізді де алаңдатпай қоймады. Дүние жүзі елдерінде орын алып жатқан келеңсіз жайттар бүтін бір мемлекеттің шаңырағын ортасына түсіруде. Мына аумалы-төкпелі заманда елдің беріктігін сақтап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету біздерге жүктелген. Біз сіздердің қылмысты ашуға қажетті зертхана қондырғылары мен заман талабына сай жарақталған техникаларыңызды байқадық. Кей бағытта әлі де болса бірлесе жұмыс жасау қажет.

Отырыс барысында екі тарап әр өңірдегі криминогендік жағдайға тоқталып, қылмысты ашу кезіндегі өзара іс-қимыл тәртібін қарастырды. Жиында полицейлердің материалдық-техникалық жарақталуы да сөз болды. Бүгінгі таңда қоғам тыныштығын күні-түні қадағалайтын екі елдің сала қызметкерлеріне мемлекет тарапынан тиісті қолдай көрсетіледі. Тәртіп сақшыларының әлеуметтік жағдайы да үнемі жергілікті атқарушы биліктің бақылауында деді М.Жұмабаев ауданының әкімі Асқар Бегманов.

Асқар Бегманов – М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– Әкімдік аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет атқаратын мамандарды баспанамен қамтуды қолға алды. Сонымен бірге, учаскелік инспекторларға арнап жеке жұмыс бөлмелерін ашудамыз. Қызмет бабына керекті құралдарды аудандық бюджет есебінен алып береміз. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі де жалғасады.

Жиында Қазақстан мен Ресей аумағында қылмыскерлерді ұстау жөніндегі бірлескен жұмыстар қорытындыланды. Мысалға, солтүстікқазақстандық полицейлер елімізде алғашқылардың бірі болып “Көршілер бақылауы” жобасын енгізген болатын. Бағдарлама арқасында осы күнге дейін тұрғындардан 8 мың 600-ден астам хабарлама түсіп, 40 қылмыстың беті ашылды.

Алтынбек Тиыштыбаев – СҚО ІІД штаб бөлімінің бастығы:

– Солтүстік Қазақстан облысы Ресей Федерациясының 3 облысымен шектеседі. Осы шекарлас аймақтарда болатын қылмыстарды ең бастысы алдын алу болып отыр. Өткен жылы да екі жақ жұмыс жасады. Қылмыскерлер мен іздеуде жүрген адамдарды ұстадық.

Басқосу соңында екі тарап келесі жылы бірігіп жұмыс жасау үшін жоспарларын бекітті.

 

Бакыт Садуакасов