МТРА жаңалықтары

Қарашаның үшінші бейсенбісі – Темекімен күрес күні

Егорь Батырев, облыстық наркологиялық орталықтың нарколог-дәрігері:


–  2015 жылдың мәліметтері бойынша елімізде әр 4-ші ер адам шылым шексе, әйелдердің 4 пайызы темекіге тәуелді. Көбіне темекі тартатындардың жасы – 25 пен 44-тің аралығында. Жалпы шылым шегу өкпе ауруларына, обырға әкеліп соқтырады. Біздің орталықта темекіге тәуелді жандар есепке алынбаған. Десе де шылымнан бас тартқысы келген азаматтар үшін тегін кеңес беріп, ақысыз емдейміз.

Бүгін де дүкен сөрелеріндегі шылымның бағасы асқақтап тұр. Ең арзаны 220 теңге болса, қымбаты 400 теңгеге дейін барады. Бұған қарамастан өнімді сатып алушылардың қарасы көп дейді дүкендегілер.

Екатерина Стегняк, сатушы:


–  Темекі бағасының көтерілгеніне қарамастан тұтынушылар саны көбеймесе азайған жоқ. Құны ешкімді қынжылтпайтын сияқты. Негізі сатып алушылардың дені – жастар. Олар қымбаттауларын алуға тырысады.

Темекіні тұтатқаннан кейін, оның құрамындағы улы заттар өкпеге еніп, денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіреді. Одан адамның демалуы қиындайды. Тіпті, шылымның түтінімен тыныстағанның өзі зиян. Бұны петропавлдық тұрғындар жақсы біледі.

–  Шылым шегуге мүлдем болмайды. Денсаулық керек. Сондықтан, жағымсыз әдеттерден арылған жөн. Өз басым 7 жыл бұрын темекі шегуді доғардым. Тыныс алуым едәуір жақсарып қалды. Спортпен шұғылданамын.

– Өзім темекі тартпаймын. Салауатты өмір салтын ұстанамын. Өзгелерге де шылым шегуді доғаруға кеңес беремін. Әсіресе, нәзікжандылардың темекі тартып тұрғанын көріп қынжыласың.

Облыстық наркология орталығының мамандары темекіге тәуелділіктен арылу үшін жастарды салауатты өмір салтына бейімдеп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу керек дейді.

 

Акбопе Танирберген