Білім

Петропавлдық оқушы GGG роботын жасады

Әлімханға бөлшектерден боксшы құрастыру идеясы ел мақтанышы – былғары қолғап шебері Генадий Головкиннің кезекті жеңісінен кейін келіпті. Ол бұл ойын ұстазы Данияр Уәлиевпен бірлесіп жүзеге асырған екен. Дарынды оқушы боксшы роботтың қарсыласын жасауды да ойластырыпты. Бірақ, екеуі де ұсақ лего конструкторларынан құрастырылатындықтан, бірін-бірі сындырып тастауы мүмкін дейді ол.

Әлімхан Болат, Назарбаев Зияткерлік мектебінің студенті:

– Роботты 3 күн ішінде жасап шықтым. Бағдарламасын жасауға тағы бір күнімді шығындадым. Алдағы уақытта да бұл ермегімді жалғасытрғым келеді. Ақпараттық технологиялар мамандығына оқуға түссем деп жоспарлап отырмын.

Зерек баланың қолынан шыққан бұдан өзге де бірнеше туындылары бар. Мәселен, мына машинасы пультпен басқарылады. Жалпы, Әлімханның роботты техника жасау үйірмесіне қатысып жүргеніне небары үш ай. Оған қарамастан дарынды баланың беталысы жаман емес дейді ұстаздары.

Әділбек Ысмағұлов, Назарбаев Зияткерлік мектебінің информатика пәні мұғалімі:

– Әлімхан бірінші келгеннен көзге түсті. Бала өте зерек екені көрініп тұрды. Тіпті біздің өзіміздің құрастыра алмай, бас қатарытан жобаларымызға кемектесіп, идеяларын ұсынып жүреді.

Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі роботты техника жасау үйірмесіне Әлімханнан басқа 80-ге жуық бала тұрақты түрде қатысады. Олармен оқу орнының информатика пәнінің мұғалімдерінен өзге Оңтүстік Африка елінен келген халықаралық дәрежедегі маман жұмыс жасайды.

 

Акбопе Танирберген