Балалар

Петропавлда облыстық студенттер фестивалі өтті

Жігіттермен қатар сахна төріне ару қыздарымыз да шықты. Тіпті, кейбіреуі құрама капитандары да болып сайланған. Мәселен, «Теміржол серпін жастары» командасындағы мына нәзікжанды тұтас бір топқа жетекшілік етіп отыр.

Гүлнәр Есбатырова – Петропавл теміржол колледждінің студенті:

– Бүгінгі фестивальге біз өте қысқа уақытта дайындалдық. Әзілдеріміз біздің студенттік өмірімізден алынған. Ол – Оңтүстіктен Солтүстікке келуіміз, жатаханадағы өміріміз. Көбіне, бұл – басымыздан өткен қызықты оқиғалар.

Бұл шараға колледж студенттерінен құралған 4 команда қатысты. Барлығы да оңтүстік аймақтан «Серпін-2050» бағдарламасымен келгендер. Өңірімізге білім қуып, өнерді де қатар алып жүретін жастар арасында мұндай шаралар жиі ұйымдастырылады екен.

Алма Хусаинова – СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

– Негізі, «Серпін-2050» жобасы аясында келген студенттерге біз түрлі жиындар ұйымдастырамыз, сайыстар өткіземіз. Барлығының басын жиі қосуға тырысамыз. Бүгінде біздің облысымызда аталмыш бағдарламамен оқуға келген 665 студент білім алуда. Оның 249-ы өңір колледждеріне түскен.

Фестиваль соңында қатысушыларға кубок және дипломдар табыс етілді.

Айгерим Ержанова