МТРА жаңалықтары

2015 жылдың 9 айында өндірісте 71 жазатайым оқиға орын алды

Бахтияр Жанбутин, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

– 2015 жылдың 9 айында өндірісте 71 жазатайым оқиғадан 72 адам зардап шекті. Оның 19-ы – ауыр, 20-сы – орта, 23-і жеңіл дәрежелі дене жарақатын алды. Биыл жазатайым оқиғаларға қатысты 265 әкімшілік іс қозғалып, жұмыс берушілерге жалпы сомасы 25,7 млн теңгені құрайтын айыппұл салынды. 8 жазатайым оқиға адам өлімімен аяқталды.

Биыл жазатайым оқиғалардың дені ауыл шаруашылығы саласында тіркелген. Көбі өртке қатысты. Мәселен, Ғ.Мүсірепов ауданындағы “Целинный” ЖШС-де малшы отқа оранған қорадан шыға алмай жазым болған. Кейін онда өрт қауіпсіздік ережелерінің сақталмағандығы анықталды. Еңбек инспекторларының айтуынша, кей жағдайда жұмысшылар да кінәлі кездер болады. Жыл басынан еңбек инспекторлары 446 тексеріс жүргізген. Шаралардың басым көпшілігі жоспардан тыс өткізіліпті.

Бахтияр Жанбутин, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

– 2015 жылдың өткен мерзімінде 446 тексеріс жүргізілді. 1231 заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде 878-і еңбек қатынасы, 342-факт қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша.

Бүгінде ҚР қылмыстық кодексінде жұмыс беруші мен жұмысшының жауапкершілігін арттыруға бағытталған бірқатар заң нормалары бекітілді. Онда көрсетілгендей, бір кәсіпорында жазатайым оқиғаның салдарынан 2 не одан да көп адам көз жұмса, онда аталған мекеменің басшысы 5-тен 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Алайда, көпке бірдей топырақ шашуға болмайды. Осы күні өзінен көрі жұмысшылардың мүддесі мен қауіпсіздігін биік қоятын компания басшылары баршылық. Бірде-бір рет еңбек инспекциясынан ескерту алмаған үлгілі кәсіпорындар ретінде теміржол жүк вагондарына арналған торлы-сымды қаңқасы бар композициялық тежегіш қалыптар шығаратын “Трибо” серіктестігін айтуға болады.

Болат Бақтыбай, “Трибо” ЖШС коммерциялық директоры:

– Кәсіпорында 50-ге жуық адам еңбек етеді. Біз олардың қауіпсіздігін бірінші орынға қоямыз. Қызметкерлер мұрынды тұмшалайтын аппараттан бастап табаны темірден жасалған арнайы аяқ киіммен қамтылған. Олар жұмыс істейтін пештер жартылай автоматтандырылған. Егер жұмысшы қолын абайсызда ішке сұғып қалса, қондырғы лезде өшіп қалады. Цехтың ішіндегі ауаны тазартып тұратын қауіпсіздік құралдары орнатылған.

Былтырдан бері “Трибо” серіктестігінің әкімшілігі жұмыстың зияндылығы үшін қызметкерлерінің зейнетақы қорындағы жеке есеп шотына міндетті аударымдардан бөлек 5 пайыз кәсіптік жарна төлейтін болған.

Берик Касен