МТРА жаңалықтары

Төтенше жағдайлар қызметкерлері су мен өрттен абай болуды ескертеді

Денис Шуваев – СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бөлім бастығы:

– Биыл облыс бойынша тұрғын үйлерде 444 өрт оқиғасы тіркелді. Оның 98%-ы қауіпсіздік ережелерін ескермегендіктен. От көбіне дымқыл отын мен киімдерді пештің маңында кептіруден тұтанып, ұшқынды басатын арнайы құрылғылардың болмауынан тарап кетеді.

Осы айдың өзінде ғана 19 өрт оқиғасы тіркелген.
Облыста суға бату жағдайлары да азаяр емес. Биыл 36 адам судың құрбаны атанған.
Жақында Қызылжар ауданындағы Подгорное аулында 4 жасар бала мұздың астына түсіп кетіп, абырой болғанда, аман қалды.

Виктор Держанский – СҚО ТЖД суда құтқару қызметі бастығының орынбасары:

– Әжесі немересін бақылауынан шығарып алады. Кішкентай бала мұз астына кетіп қалған. Қария бірден бізді шақырды. Құтқарушылар баланы іздеп, таба алмады. Анықталғандай, сәби судан өзі шығып, дымқыл күйінде орман ішінде отырған. Оны сол күйінде әкесі тауып алды.Жалпы, жыл басынан облысымызда 67 адам құтқарылған. Оның 12-і – балалар.

Мамандар солтүстікқазақстандықтарға абай болуды ескертеді. Әсіресе, күз бен қыс мезгілінде. Өйткені, көбісі жолды қысқарту үшін аңдамай мұздың үстімен жүреді. Бұл өте қауіпті. Судың беті әлі дұрыс қатпаған дейді құтқарушылар.

–  ТЖ қызметкерлері мұздың қалыңдығын күнделікті өлшеп отырады. Мәселен, Есіл өзенінің беті бүгінде 15 см-ге қалыңдаған. Бұл жерде жүруге тек балықшыларға рұқсат берілген. Ал көліктің айдынға шығуы аса қауіпті.

Айгерим Ержанова