Спорт

СҚО әкімі Ерік Сұлтанов WBA нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы Жанат Жақияновты кезекті жеңісімен құттықтады

Сол түні шаршы алаң шеберлерінің жұдырықтасуын миллиондаған бокссүйер қазақ жұрты көз ілмей тамашалап, үлкен жанкүйерлік қолдау көрсетті. Өз елінің үкілеген үмітін ақтап, оңай емес титулдық жекпе-жегін жеңіспен аяқтаған Жанат Жақияновтың ерлігі өскелең ұрпақтың спортқа бет бұруға басты себептердің бірі деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


–  Бүгінде біз облысымызда бокстың дамуына бар күшімізді салып жұмыс істеудеміз. Өткен жылы 4 спорт залы күрделі жөндеуден өтті. Өңірдің 8 ауданында бокс дамып келе жатыр. Осы бағытта мықтап еңбектену қажет. Өйткені, еліміздің туын көкке желбірететін жігіттер ауылдардан шығады. Құрметті Жанат! Сені кезекті жеңісіңмен тағы да құттықтаймын. Әлемдік аренада Қазақстанның намысын жоғары деңгейде қорғағаның үшін алғысымды айтамын. Сенің жарқын жеңісің жасөспірімдерді спортқа бейімдеуге үлкен септігін тигізуде. Осындай аты бар, жаһанға танымал боксшының жерлесі болу олар үшін де, мен үшін де зор құрмет.

Кейін аймақ жетекшісі аса жеңіл салмақта WBA нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы Жанат Жақияновқа алғыс хат пен 1 млн теңге көлемінде сыйақы табыстады. Өз кезегінде жерлес спортшы Ерік Сұлтановқа қазақстандық толғайлардың жарқын жеңістері жайлы жазылған “Лондон олимпиадасы” атты кітап тарту етті. Сондай-ақ, Қазақстанның намысын халықаралық ареналарда қорғап жүрген Жанат Жақияновты қол жеткізген жетістігімен кикбоксингтен әлем чемпионатының 2 дүркін күміс жүлдегері Азамат Нұрпейісов те құттықтады.

Азамат Нұрпейісов – кикбоксингтен әлем чемпионатының 2 дүркін күміс жүлдегері:

– Мен Жанатты өз мансабындағы маңызды жеңісімен құттықтаймын. Біз екеуіміз кезінде бірге жаттығатынбыз, шаршы алаңда да жұдырық түйістірдік. Жанаттың кәсіби бокста әлі бағындырар белестері алда. Мен оған сенемін және сәттілік тілеймін.

Жалпы Жанат Жақиянов кәсіпқой бокста 27 рет шаршы алаңда әлемнің мықты спортшыларымен жұдырық түйістірген. Соның 18 кездесуін нокаутпен аяқтаған. Спортшы өзінің соңғы жекпе-жегін әлем чемпионы атағы үшін венесуэлалық Йонфрес Парехоға қарсы өткізді. 12 раундқа созылған текетіресте жерлесіміз ұпай айырмасымен жеңіске қол жеткізіп, қазақ боксшыларына халықарлық аренада тең келетін қарсылас жоқтығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жанат Жақиянов – кәсіпқой боксшы, WBA нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы:

 

– Жекпе-жек тең өтіп жатты. Ақырғы он екінші раундта бар күшімді салдым. Нәтижесінде жеңіске жеттім.

Ендігі кезекте Жанат Жақияновтың келесі қарсыласы желтоқсан айында белгілі болмақ. Жалпы спортшы британдық Джейми Макдоннелл немесе Доминикан Республикасының боксшысы Хуан Карлос Пайяно жұдырықтасқысы келетіндігін айтқан.

Риат Шони