Спорт

“Жастар” стадионында мұз айдыны ашылды

Ойын баласы Влад Панин конькимен сырғанауды 9 жасында үйреніпті. Қазір, міне сүйікті ісінің нық шеберіне айналған. Мұз үстінде әрлі-берлі сырғанап, түрлі жаттығуларды емін-еркін жасай алады. Жас конькиші тәуліктің 5 сағатын осы маңда өткізеді екен.

Влад Панин – конькимен сырғанаушы:

– Мен 3 жылдан бері конькимен сырғанаймын. Достарымызбен күнделікті осы жерге келіп, уақытымызды қызықты өткіземіз. Бір-бірімізге мұз үстінде сырғанаудың түрлі қимылдарын үйретеміз. Маған бұл жер ұнайды.

Қала халқы мен қонақтары үшін құйылған мұз айдыны қарашаның 15-нен пайдалануға берілді. Күнделікті бұл жерге 100-ге жуық адам келеді. Әсіресе, тұрғындардың қатары кешкі уақыттарда артады екен. Ол үшін стадион басшылығы демалушыларға арнап көңілді әуен қосып, жарық шамдарын жағады. Мұз беті аптасына үш рет жаңартылып отырады.

Айсары Шәкіров – “Жастар” стадионының директоры:

– Бізде 189 жұп коньки бар. Оларды сағатына жалға алу бағасы халықтың қалтасын қақпайды. Ересектерге 350 теңге болса, ал жасөспірімдерге – небәрі 200 теңге. Менің ойымша, бұл тұрғындар үшін ең қолайлы баға.

Жалпы биыл СҚО аумағында қысқы спорт түрлерімен айналысуға барлық жағдай жасалған. Бүгінде аймақта 315 хоккей корты жұмыс істеуде. Олардың бесеуі – жабық үлгідегі нысандар. Сондай-ақ, Петропавл қаласы мен өңірдің 13 ауданында 22 шаңғы базасы бар. Айта кетсек, облыста шаңғы мен конькиді жалға беретін 126 пунк қызмет етеді.

 

Култанов Байболат