МТРА жаңалықтары

Мүлікті жария ету науқанының уақыты 1 жылға ұзартылды

Маңызды науқан ағымдағы жылдың 31 желтоқсанында аяқталуы тиіс болатын. Алайда, кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тиісті заңға қол қойып, шараны бір жылға ұзартты. Ал акция басталғалы қалалық әкімдік жанынан құрылған комиссияға 416 петропавлдық өтініш берген. Солардың қатарында Денис Агапкин де бар.

Денис Агапкин – қала тұрғыны:

– Өткен жылы гараж, жер үйімді және жер учаскесін заңдастырдым. Барлығы тегін әрі жылдам жүргізілді. Мұндай шара керек деп ойлаймын.

Жалпы, мүлікті жария ету комиссиясына тапсырылған өтініштердің 50 пайызы мақұлданған.

Қанат Барқытов – Петропавл қаласы бойынша мүлікті жария ету комиссиясының хатшысы:

– Петропавл қаласы бойынша түскен өтініштердің жалпы сомасы 3 млрд 280 млн теңгеден асады. Қабылданған өтінімдердің 175-і тұрғын жайларға қатысты. Ал қала бойынша заңдастырылған мүліктің жалпы құны 2 млрд теңгеден асып жығылады.

Тұрғындар өтініштері қалалық әкімдіктің 109 кабинетінде жұмыс күндері кешкі сағат 6-ға дейін қабылданады. Комиссия мүшелері әр өтінімді жіті қарастырып, кейін тиісті шешім шығарады.

Қанат Барқытов – Петропавл қаласы бойынша мүлікті жария ету комиссиясының хатшысы:

– Өтініштер 30 күнтізбелік күн ішінде қарастырылады. Комиссия мүшелері өтінішті қарағанға дейін біз құжаттардың дұрыстығын тексереміз. Егер толық болмаса, қайтадан құжаттар жинауға мүмкіндік береміз. Қателікті жойғаннан кейін ғана оны комиссияның қарауына тапсырамыз.

Мүлікті жария ету науқанының ұзартылуына байланысты мамандар өзгерістер орын алуы мүмкін дейді. Десе де, олар тек тұрғындардың жұмысын жеңілдетуге бағытталмақ. Яғни, қағазбастылықты азайтады. Сондықтан, акцияға қатысамын деушілерге құлаққағыс, енді өтініштерді 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін тапсыруға болады.

 

Магжан Ахмадина