Денсаулық сақтау

Қыстың ерте келуіне байланысты СҚО-да жарақаттанушылардың саны артты

Соңғы 3 тәулікте ақ халаттылардың көмегіне 130-ға жуық адам жүгінген. Бірі ауруханаға туысқандарының көмегімен келсе, енді бірін жедел жәрдем көлігімен өңірдің әр түкпірінен жеткізуде. Аққайың ауданының тұрғыны Халида Абделова осында 10 күн жатыр. Кейуана абайсызда үйінінің ауласында құлап, иығын шығарып, сол тұстан сүйегін сындырып алған. Айтуынша, қазір әжейдің жағдайы жақсы. Бүгін үйге қайтамын дейді.

Халида Абделова – Аққайың ауданының тұрғыны:

– Қарашаның 2-сі құладым. Жалғыз өзім тұрамын. Күйеубаламды шақыртып, аудандық ауруханаға барып рентгенге 2 рет түстім. Сөйтсем, иық тұсынан сүйегім сынып кетіпті. Қалалық ауруханаға келіп ота жасаттым. Дәрігерлер сынған жерін түзеп, гипс салды.

Ал Надежда Савина көшеде немересімен кетіп бара жатқан жерінде ойда-жоқта құлап қалған.

Надежда Савина – қала тұрғыны:

– Мұнда қарашаның 6-сынан жатырмын. Менде ашық сынық. Дәрігерлер наркоз беріп, операция жасады. Сынған жерді Илизаров аппаратымен бекітіп қойды. Қолдың сүйектері біткенге дейін осы аппаратпен біраз жүруге тура келеді.

Айналдырған 24 күннің ішінде бөлімге түрлі дене жарақатымен 758 адам келген. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 177 адамға көп дейді дәрігерлер.

Валерий Грибашов – №3 қалалық ауруханасы жарақат бөлімінің меңгерушісі:


– Солтүстікқазақстандықтардың біразы, яғни 150-ден астамы буыны мен сіңірін созып алған. 268-і жеңіл жарақат алды. 7 адамның омыртқа жотасына зақым келді. 19-ы жамбас сүйегін сындырып, тағы 5 жерлесіміз иығын шығарған. Ең ауыр жарақат түрлерін алған адамдар ауруханада 2 айдан 3 айға дейін емделуі тиіс.

Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, коммуналдық кәсіпорындар алдыңғы жылдарға қарағанда биыл қала көшелерінде көк тайғаққа қарсы шараларды тыңғылықты атқаруда.

Ғали Абдрашев, Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

 

– Қала көшелерінің тазалығына “Коммунхоз Петропавл” компаниясы жауапты. Аталмыш кәсіпорынның жұмысшылары іске таң сәріден кіріседі. Шаһарымыздың орталық көшелері мен базар аумағын және шеткері көшелерді күнде тазалап тұрады. Қала көшелеріне жыл сайын 200 куб инертті материал бөлініп тұрады. Бұл мақсатқа ағымдағы жылы қала қазынасынан 6 млн. теңге бөлінді.

Біз ойлағандай көктайғақтың зардабын тартушылардың басым көпшілігі қарттар емес, шын мәнінде, орта жастағы, еңбекке қабілетті жандар екен.

Берик Касен