МТРА жаңалықтары

Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекетке қайтарылуда

Ондай алқаптар жермен жұмыс істей алатын іскер адамдарға беріледі. Жыл басынан мамандар өңірдегі жайылымдармен егіс алқаптарын зерттеп, 114 427 га жер телімін мемлекетке қайтып алған. Оның ішінде ең ірі жер учаскесі Ақжар ауданына тиесілі. Ақжарлықтардан 66 мың гектардан астам жер телімі қайтарылған.

Есенгелді Қарбаев- СҚО жер қатынастары басқармасының басшысы:

– 62 мың 800 га «Богви» компаниясынан қайтарылды. «Трансавто» компаниясынан 7 мыңнан астам, ал «Баско» ЖШС-нен 22 мың га жуық жер телімі қайтып алынды. «Богви» компаниясының жерлерін алуға қазір конкурс жарияланды. Ал «Баско» серіктестігінің Уәлиханов ауданында орналасқан жерлері бөлініп кетті.

Облыста бос жатқан алқаптар әлі баршылық. Олардың көлемі-48 600 гектарды құрап отыр. Алдағы уақытта ондайлардың мәселесі заңды түрде шешімін таппақ. Не өзі, не өзгеге жерді пайдалануға бермей, қараусыз қалдырғандарға салық салынбақ.

Есенгелді Қарбаев- СҚО жер қатынастары басқармасының басшысы:

 

– Биылғы жылдың 1-ші қаңтарынан бастап, Салық Кодексіне біраз өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, жер пайдаланылмай жататын болса, оған салынатын жер салығы 10 есеге дейін өсуі тиіс.

Бекерден бекер теріскейді астықты өлке деп атамайды. Сондықтан ауыл шаруашылығына бөлінген жер телімдері мақсатты пайдаланылуы тиіс. Жалпы бүгіндері өңірде 686 серіктестік пен акционерлік қоғам бар. Олардағы егістік жерлердің көлемі 3 млн 748 мың гектарды құрайды. Бұдан бөлек тағы, 1 млн гектардан астам жер телімін қамтыған 3073 шаруа қожалығы бар.

Магжан Ахмадина