Білім

Мемлекеттік дуалды оқыту жүйесі өңірімізде қарқынды түрде жүруде

Александр Казакевич – “AVAGRO” ЖШС қырнаушысы:


–  Оқуымды аяқтағаннан кейін тәжірибеден өткен “AVAGRO” серіктестігіне жұмысқа орналастым. Атқаратын ісім ауыр емес. Білдекте жасалатын өнімге түрлі бөлшектер әзірлейміз. Негізі, осында тәжірибеден өтуге келгенде бірден білдекте жұмыс істеуді үйретті. Барлығын тез меңгеріп алдым.

Жалпы “AVAGRO” ЖШС егін-жайларда жұмыс істеуге арналған қондырғылар шығарады. Қазақстан нарығында пайда болғанына 20 жылдай уақыт өткен кәсіпорын бір жылда 150-200-ге жуық бүріккіш жасайды екен. Қазір мұнда 55 адам еңбек етеді. Олардың жартысынан астамы – жас мамандар. Биылдың өзінде өндіріс ошағы 5 студентті жұмысқа қабылдаған.

Анатолий Ермашов – “AVAGRO” ЖШС технологы:


–  Біздің кәсіпорын әрдайым өндіріске инновация енгізіп отырады. Жаңадан білдектер сатып аламыз. Осы жылы 12 қондырғыны ауыстырдық. Біздің бағытымыз машина жасау болғандықтан өндіріс ошағында әрдайым осы салада оқитын студенттер тәжірибеден өтеді. Тауарларымыздың барлығы сертификатталған. Қазір жаңа бүріккіштің түрін жасаудамыз. Ол isuzo автокөлігінің негізінде құрастырылуда.

Негізі дуалды оқыту жүйесі аясында өңірімізде 2014-2015 жылдары 17 мамандық бойынша 9 колледж жұмыс істеген. Биыл 619 студент өз білімін аяқтап, оның 493– екі қолға бір күрек тапқан.

Владимир Ткаченко – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Біздің колледждер жұмыс істейтін негізгі әлеуметтік әріптестер, ол – жергілікті 80 кәсіпорын. Оның ішінде ірі өндіріс ошақтары бар. Дуалды оқыту жүйесі бойынша негізінен қызмет көрсету, машина жасау, ауыл шаруашылығы бағытындағы мамандар дайындалады. Жалпы биылғы оқу жылында бізде 24 мамандық бойынша 12 колледж осы жүйе аясында жұмыс істеуде.

Жалпы өңірде 2016 жылы тағы 3 колледжде дуалды оқыту жүйесі қолға алынбақ.

 

Риат Шони