МТРА жаңалықтары

Петропавлға Нидерланды елінен екі сарапшы маман іс-сапармен келді

Ханс Хейстек – «PUM Expert» компаниясының бас сарапшысы, Нидерланды:

– Бұл сапарымның басты мақсаты петропавлдық қоғамдық көліктер мен жолаушыларға арналған бағдарламалар әзірлеп беру және олардың жүзеге асуына көмектесу. Осы орайда мен облыс орталығындағы автобус маршруттары мен диспетичерлік жұмыстың қалай жүретінін көрдім. Солтүстікқазақстандық мамандар әзірлеген жаңа ақпараттық жүйені тексердім. Содан соң бағдарламаға сәл өзгертулер енгіздім. Бұл пайдаланушыларға тиімді. Бастысы ұялы телефонға жүктеп, автобустардың қай бағытта және неше минут ішінде белгіленген аялдамаға жететінін білуге болады.

Нидерландыдағы «PUM Expert» компаниясының бас сарапшысының Солтүстік Қазақстанға келгеніне екі апта болды. Осы уақыт аралығында ол жергілікті тұрғындармен тілдесіп, қоғамдық көліктердің қызметі туралы біраз ақпараттанды. Мәселен, жақында облыс орталығындағы 25 түрлі бағытта жүретін 346 автобусқа GPS бағыттауышын орнатқан. Бұның барлығы жаңа жобаны жүзеге асыруға септеспек дейді «КоммунСевер» ЖШС-нің директоры.

Мұрат Есмұханов – «КоммунСевер» ЖШС директоры:

– Бүгінде біздің диспетчерлік орталық жаңа жобаны қолға алды. Яғни, қоғамдық көліктердің бағытын, уақытын нақты білуге болатын сайт пен бағдарлама әзірледік. Ал шет елден келген мейман бізге қол ұшын беруде. Нидерландық маманның арқасында біз бұл жаңашылдыққа біраз оң өзгертулер енгізіп, мобильді қосымшалар жасадық. Жақында бұл жобаны аяқтаймыз. Бір айдан соң жерлестеріміз жұмысымызға баға бере алады.

Жобаны «ЭКО-Север» компаниясы қаржыландырып отыр. Енді жаңашыл бағдарламаның көмегіне петропавлдықтар жыл соңында жүгіне алады. Әзірге олар бұл жаңалыққа да қуанышты.

–  Өз басым бұл жобны қолдаймын. Тамаша ғой. Мәселен мұндай жаңашыл бағдарламаны астаналықтар қолдануда. Уақыт үнемдеуге болады дейді олар.

– Бұл мобильді қосымша, әсіресе, студенттерге тиімді. Уақыт үнемдейсің. Қыста тоңбайсың. Автобусқа дәл уақытында шығасың.

Сондай-ақ, солтүстіктің орталығына дәл осындай іс-сапармен өсімдік шаруашылығы саласының сарапшысы да келді. Қызғалдақтар мекенінің тумасы Клаас Виссер екі апта ішінде өңірдегі аббаттандыру жұмыстарымен танысқан. Бүгінде нидерландық мейман жергілікті «Айсин А.М» ЖК жұмыс жасауда.

Клаас Виссер – өсімдік шаруашылығы саласының сарапшысы, Нидерланды:

 

– Мұнда келуімнің басты себебі Солтүстік Қазақстанды көгалдандыру. Бұл жұмыстарға сіздерде көктемгі-жазғы уақыттарда көп уақыт бөлінеді. Бірақ бұл істі біз қыс мезгілінде де жүзеге асыруымыз керек. Осы орайда біз Голландиядан Солтүстік Қазақстанға гүлдер әкелу туралы келісім шартқа қол қойдық. Және жылы жайлар салу жоспарланған. Сонымен қатар, мен сапар барысында «Айсин А.М» ЖК 10 жұмысшысына өсімдіктерді күтуге байланысты шеберлік сыныбын өткіздім.

Шетелдіктердің бұл сапары қарашаның 18-не дейін созылмақ.

Айгерим Ержанова