Білім

Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейде ата-аналардың қатысуымен жиналыс өтті

Осы жерде жас ана ұстаздардан олардың оқу үлгерімдерін сұрап-білуге, сынып жетекшілермен кеңесуге толық мүмкіндік бар дейді. Биыл Анастасияның кенжесі 1-інші сыныпқа аяқ басыпты. Сондықтан да ол баласының кішкентайынан озат оқушы болғанын қалайды.

Анастасия Ионус – ата-ана:

– Біз бұл мектептің тарихын бұрыннан білеміз. Өте мықты мұғалімдерімен танымал. Сондықтан, тұңғышымызды жолдасымыз екеуміз осында бердік. Қазір ол 3-інші сыныпта оқиды. Білімі жақсы. Оның жолымен кенжем келе жатыр. Ол өзінің ағасы сияқты қатарының алды болатындығына сенімдімін.

Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейде мұғалімдер мен ата-аналар арасында жиын өткізу дәстүрге айналған. Мұндай басқосулар оқу ордасында айына бір рет ұйымдастырылады екен. Отырыс барысында әрбір оқушының әкесі не болмаса шешесі өзін толғандырған сұрақтарын қоя алады.

Елена Коноплева – Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейдің директоры:

– Бүгінгі лицей ұжымы мен ата-аналар арасындағы жиналыс ең біріншіден оқушыға арналады. Осы жерде-ақ біз оларға балаларының сабақ үлгерімдері мен тәрбиесі жайлы айтамыз. Одан ата-аналар өздеріне қажетті мәліметтер алып, бос уақыттарында балаларымен сабаққа дайындала алады. Өз кезектерінде біз олардың сауалдарын да ескереміз. Мысалы, 4-ші сынып оқушысының анасы тастаған ұсынысы арқылы асхана тәртібін өзгерттік.

Жалпы білім ошағында 700-ден астам шәкірт оқиды. Оларға 97 мұғалім сабақ береді екен. Айта кеткен жөн, осы жылы бірінші сынып табалдырығын 110 балдырған аттапты. Оның 15-і қазақ сыныбында білім алады.

 

Култанов Байболат