МТРА жаңалықтары

Петропавлда дәстүрлі М.Қозыбаев оқулары өтуде

Бұл күні тарих кафедрасының ішінен Манаш Қозыбаев атындағы “Қазақстан тарихы” кабинеті ашылды. Мамандандырылған кабинетте Қазақстан тарихынан сыр шертетін стенділер ілінген. Ғалымның көпжылдық еңбектері жайғастырылған. Мұның бәрін көзбен көрген тарихшының жұбайы Сара апай Манаш Қозыбаевты ұмытпаған халқына ризашылығын білдірді.

Сара Қозыбаева, М.Қозыбаевтың зайыбы:

– Бұл аудиторияның ашылу мен үшін үлкен қуаныш. Манаш Қабашұлы ел тарихын зерттеуге өмірінің көп бөлігін арнады. Бүгінгі ұрпақ оны үзбей, жалғастырып жатыр.

Сөйтіп, “Ғылым мен білімнің даму перспективалары” атты конференция басталып та кетті. Алқалы жиында облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова ғалымның ел тарихын зерделеп, соңында өшпейтін із қалдырғанын атап өтті.

Анархан Дүйсенова, облыс әкімінің орынбасары:

– Манаш Қозыбаев – Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер. Оның өмірі мен еңбек жолы жас тарихшыларға өнеге.

Академик 37 жасында доктор атағын алған. 800-ден аса ғылыми жариялымның, 50 ұжымдық еңбектің, бірнеше оқу құралдарының авторы.

Виктор Зайберт, тарих ғылымдарының докторы:

– Маған Манаш Қозыбаев жетекшілік еткен ғылыми кеңестің құрамында еңбек ету бақыты бұйырды. Өте еңбекқор адам еді, білікті жетекші болды. Отандық ғылымды дамытуға қосқан үлесі орасан. Ұлттық тарихты қайта жаңғыртушы деп білеміз.

Құндызай Ерімбетова, ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері:

– М.Қабашұлының жарты ғасырға жуық уақытта жазған 1000-ға жуық еңбегі – зор қазына, асыл мұра.

Асқар тау алыстаған сайын мұнарлай түседі деген осы болар. Ғалымның өмірден өзі өткенімен, соңында өшпес ізі қалды. Оның дәлелі тарихшыны зерттеп, еңбектері мен естеліктерін оқып жүретін бүгінгі жастар.

Гүлжазира Нұрғалиева, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ магистранты:

– Дамыған мемлекеттің негізін қалыптастырып жатқан кезде тарихтың атқаратын рөлі ерекше. Ол ең алдымен қоғам санасының қалыптасуына әсер етеді. Ал, ғалымның мұрасынан ең алдымен осыны табуға болады.

Жиынды тамашалаған бүгінгі буын өкілдері М.Қозыбаев жайлы бұдан өзге де көптеген естеліктерге қанықты.

Акбопе Танирберген