МТРА жаңалықтары

М. Жұмабаев ауданы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын атап өтті

Жалпы аталмыш ауданда 12 этно-мәдени бірлестік бар. Солардың бірі немістердің “Wiedergeburt” орталығы. Бүгін мұндағылар өздерінің ұлттық бәліші “куханы” жұртшылық назарына ұсынуда.

Александр Гамершмидт – “Wiedergeburt” ұлттық-мәдени бірлестігінің өкілі, М.Жұмабаев ауданы:

– Бұл бәліш немістің ұлттық тағамдарының бірі. Ол түрлі мерекелерде пісіріледі. Сонымен қатар біз дастарханымызға майға пісірілген тәтті қытырлақ нанды жайғастырдық. Жалпы біздің орталық 2000-шы жылы құрылған болатын.

Сондай-ақ бұл күні М.Жұмабаев ауданында 2 бірдей этно-мәдени бірлестіктің тұсауы кесілді. Біреуі “Мақсат” деп аталатын қазақ ұлтының орталығы болса, екіншісі славян халқының “Горлинкасы”.

Мейрам Рыспаев – “Мақсат” этно-мәдени бірлестігінің төрағасы, М.Жұмабаев ауданы:

– Ата-бабамыздың көне заманнан бері келе жатқан киіз үйі. Осыны біз кейінгі ұрпаққа жеткізіп, көрсетуіміз қажет. Сол себепті мұнда біз борсық, түлкінің терілерін қабырғаға ілдік. Сонымен қатар қамшы, қыл арқандарды да осында жайғастырдық.

Бұдан соң жиналған жұрт үлкен залға бет алды. Мұнда Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орайластырылған ресми шара бастау алды. Жалпы М.Жұмабаев ауданы көпұлтты, мұнда 30 ға жуық ұлттың өкілі тұрады. Халық саны 32 мыңға жетіпті. Тілі мен дініне қарамастан барлығы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде.

Наиль Салимов – облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:

– 2015-ші жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының, Ата-заңымыздың 20 жылдығын, сонымен қатар Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойладық. Сол сұрапыл соғыс жылдары елімізде тұратын барлық ұлт өкілдері бірігіп, өзгелеріне үлгі көрсетті. Және де биыл Қазақ хандығының 550 жылдығында атап өттік. Құрметті достар! Осыдан 20 жыл бұрын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің даму басымдылығын айқандауда ең бастысы бірлік, бейбітшілік пен келісімді сақтау керектігін айтқан болатын. Соның арқасында қазір біз үйренуші елден үйретушіге айналдық. Қазақстан бүгінде тұрақтылықтың аралы. Сол татулықты сақтайық.

Сонымен қатар жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын тойлауда өлшеусіз үлес қосқан бірқатар азаматтар құрмет грамотасына ие болды. Ал “Үлкен ел – үлкен отбасы” атты форум концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Баян Ботаева – “Туған жер” қазақ ұлттық орталығының мүшесі:

– Бүгінгі іс-шара өте көңілді өтті. Оған біз өте қуаныштымыз. Егемен еліміздің қашанда көк байрағы биіктен желбіреп, керегесі кең терезе тең бола берсін.

Анастасия Высоцкая – “Мрия” укарин халықтық ансамблінің мүшесі, Қызылжар ауданы:

– Біз Қызылжар ауданынан өз делегациямызбен бірге келдік. Көрші орналасқаннан кейін бір-бірімізге әрдайым көмектесіп, жанашыр болып тұрамыз. Еліміз көп ұлтты және тату. Мұнда халықтардың достығы болмағанда не болады? Сол себепті бірлікте өмір сүру қажет.

Жалпы осы күні Нұр Отан партиясының М.Жұмабаев аудандық филиалында жуырда құрылған қоғамдық кеңес аясында аудан әкімі Асқар Бегманов азаматтарды қабылдады. Жетекшіге өз базынасын арқалап 3 аудан тұрғыны келді.

 

Риат Шони