Ауыл шаруашылығы

Кәсіби мерекесі қарсаңында ауыл шаруашылығы қызметкерлері марапатталды

Ұн, ет, сүт өнімдері, тоқ етерін айтқанда, аймағымызда өндірілетін өнімнің сан алуан түрі осында жайғастырылған. Бәрін айтта бірін айт. Өңір жетекшісі мен қонақтарға “Петропавл жақсы тұз” ЖШС-ндегі 2016 жылы жүзеге асырылатын өңірлік индустриалдандыру картасына енгізілген ірі жоба таныстырылды. Мамандардың болжауынша, “Жамантұз көліндегі” тұздың қоры 30 жылға жетуі мүмкін. Уәлиханов ауданының әкімдігі ас тұзын өңдейтін алып кешенді инвесторлардың қаржаты есебінен тұрғызбақшы. Сәтін салса, бірегей нысан 2017 жылы іске қосылады.

Біржан Хасенеев, Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары:

 

– Онда бұрындары тұз шығарылған. Бірақ өңделмей келген. Сондықтан тұзды тек малдарға беріп келдік. Бұл жоба іске асса көл астынан алынатын тұз біраз өңделіп, асқа пайдаланылады.

Көрермендер залында ине шаншарға орын жоқ. Мұнда еңбек ардагерлері, қайта өңдеу саласының өкілдері жиналған. Басқосуда ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, егін жинау науқанында гектарынан мол түсім алған үздік аудандар ерекше аталды. Осылайша, Қызылжар ауданының диқандары гектарынан 19,4 центнер дәнді дақыл жинапты. Бүгінгі кеште аудан әкімдігіне бас жүлде су жаңа автокөлік тарту етілді. Осы ретте өңір жетекшісі егінді шашау шығармай қамбаға мезімінде түсірген еңбек ұжымдары мен шаруашылық басшыларына алғысын білдірді.

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Әр гектардан орта есеппен 17,4 центнер өнім алған солтүстікқазақстандық диқандар республика қамбасына 5,5 млн. тоннадан артық астық құйып, облыстың, еліміздің дамуына үлестерін қосты. Майлы дақылдан, картоп пен көкөністен де жақсы өнім алынды.

Жиында өз ісінің озаттары, ауылшаруашылығы саласын дамытуға үлес қосқандар ҚР АШМ-лігінің “Еңбек ардагері” медалімен марапатталды. Аталмыш атаққа Қызылжар ауданындағы “Якорь СК” ЖШС директоры Владимир Очеретенко лайық деп танылды.

Владимир Очеретенко, “Якорь СК” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Еңбек ардагері” атанғаныма риясыз қуаныштымын. Бұл менің көп жылдар бойығы еңбегімнің еленгені. Бүгінде мемлекет агроқұрылымдарға жақсы жағдай жасап жатыр. Соны бағалап, шаруаны ұршықтай иіріңдер, жоғары технологияны қолданып мол астық алыңдар.

Ал Надежда Карандейкина “Ауыл шаруашылығы саласының үздігі” төсбелгісіне ие болды. Нәзік жанды осы күні біраз жасқа келсе де Қызылжар ауданындағы “Вагулино СК” компаниясының бас агрономы міндетін атақарып жүр. Артынша, сахна төріне көтерліген 8 жерлесіміз АШМ-нің Құрмет грамотасын алды. Ұзақ жылғы адал еңбегі, облысымыздың агроөнеркәсіптік кешеніні дамытуға зор үлес қосқан 30-ға жуық азаматқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты ұсынылды. Марапатталғандардың арасында компания басшыларынын өзге қатардағы механизатор, мал дәрігері, комбайншы, темір ұстасы сынды мамандар бар.

Жолдас Дүйсенов, “Дайындық Агро” ЖШС механизаторы, Аққайың ауданы:

– Міне, 60 жасқа келген кезімде облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Мен 40 жыдан артық механизатор болып еңбек етіп келемін. Өзімнің ісімді сүйемін. Келесі көктемде егістік алқабына шығып, ісімді жалғасыра бермекпін.

Шал ақын ауданындағы “Азасал” ЖШС басқарушысы Азамат Таспаев малмен қатар егін шаруашылығын алып жүр. Жерлесімиіз биылдан бастап әкесімен бірге түйе шаруашылығын дамытуға ден қойды. Осы күні ойсыл қара төлінің 7 басын асырауда.

Азамат Таспаев, “Азасал” ЖШС басқарушысы, Шал ақын ауданы:

– Әкеміз екеуміз ЖШС пен фермерлік қожалықты басқарамыз. Қой, жылқы, ірі қара ұстаймыз. Жақында 7 бас түйе сатып алдық. Мұнымен қоса жерге дәнді және майлы дақылдар егеміз.

Мерейлі мерекесімен елдің дамуына үлесін қосқан жандарды өнер ұжамдары тамылжыған әнімен, көркем биімен аялады. Ауыл еңбеккерлерін айтулы күнмен Астана, Алматы қалаларынан келген эстрада әншілері де құттықтады. Айгерім Қалаубаева ОҚО-сы тұрғындарының ыстық сәлемін әнмен жеткізуге трысты. Сондай-ақ, сахнада күміс көмей әнші Димаш Құдайбергеновте өнер көрсетті.

Айгерім Қалаубаева, эстрада әншісі:

– Бұл мәртебелі мереке деп білемін. Ауыл еңбеккерлері қажырлы еңбектің арқасында бізге отандық, таза өнім ұсынып отыр. Біз олардың еңбектерін бағалап үнемі құрмет тұтуымыз қажет. Еліміз өркендей берсін. Әр жылымыз табысты, жемісті болсын!

Берик Касен