Спорт

Солтүстікқазақстандық каратэшілер Алматыдан жеңіспен оралды

Сәния Мұханова – СҚО кекушинкай каратэ филиалының жаттықтырушы-инструкторы:

– Бұл жолғы жарысқа мен тыңғылықты дайындалдым. Маған мықты қарсылас түсті. Павлодарлық арудың да беталысы жаман емес. Ол да мен сияқты қоңыр белбеу иесі екен. Айқас 7 минутқа созылды. Екеуіміз тең түстік. Бірақ, төрешілер жеңісті маған берді. Өте қуаныштымын.

Биыл бұл дода біздің облысымыздың каратэшілері үшін бірінші көшпелі жарыс болды. Айту керек, Алматыда өткен сайыстан барлығы 4 спортшы жүлдегер атанып келді.
Сондай-ақ, жақында Германия елінде каратэден әлем чемпионаты өтті. Швайнфурт қаласында ұйымдастырылған бәсекеде Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 24 мемлекетті артқа тастап, бірінші орынға тұрақтады.

Владимир Витченко – СҚО кекушинкай каратэ филиалының директоры:

– Швайнфурттағы додада мен төрешілік еттім. Барлық каратэшілер үлкен дайындықпен келіпті. Бірақ, біздің спортшыларымыз басқалардан ерекшеленді. Олар өздерінің шеберліктерін көрсетіп, испания мен ресейліктерді артқа тастады. Бұл – көрсеткіш киокушинкайдан еліміз бойынша алғашқы жоғары көрсеткіш. Жалпы Чемпионатқа барлығы 25 мемлекет қатысты.

Германия еліне Қазақстан намысын қорғауға 16 каратэші барды. Олардың арасында жерлесіміз Евгений Дулов та бар. Бұл додада каратэ шебері Мароккодан келген қарсыласын жеңіп, испандық қарсыласынан жеңіліс тапты. Ал жақында қара белбеу иесі Ресейдің Барнауыл қаласында өтетін «Еуразия кубогына» жол тартпақ.

Евгений Дулов – СҚО кекушинкай каратэ филиалы директорының орынбасары:

 

– Жалпы әлем чемпионатына қатысу мен үшін үлкен мектеп болды. Өзімді сынап көрдім. Шет мемлекеттің спортшыларымен тәжірибе алмастым десе де болады. Алғашқы тартыста мен үлкен басымдылықпен марокколықты жеңдім. Ал екінші кездесу сәл қиындау өтті. Татамиде 2 минут бойы өнер көрсеттік. Тең түстік. Кейін төреші қосымша 2 минут берді. Өкінішке орай, ұпай бойынша жығылып қалдым.

Қарашаның 21-інде “Еуразия кубогі” үшін өтетін додаға өңірімізден барлығы 22 спортшы аттанбақ.

Айгерим Ержанова