Аптадағы маңызды жаңалықтар

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті 10 айды қорытындылады

Әділбек Мұқашев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:


– Биыл біз облыстық, қалалық әкімдік өкілдерімен жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде стратегиялық жоспар құрдық. Құжат 3 жылға шақталған. Агенттік алдағы уақытта азаматтық қоғам институттарымен, кәсіпкерлер палатасының жергілікті филилы және фермерлер одағымен тығыз қарым-қатынас жасайды. Біз осылайша, халықпен етене жұмыс жасаудың арқасында сыбайлас жемқорлықтың алдын аламыз.

Мәжіліс барысында мемлекеттік қызметшілердің жұмыс сапасы жайында айтылды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Светалана Зайцева осы күні жұмысқа қабылданардың алдында конкурстан өтетін көп үміткердің даярлығы төмен деді.

Светалана Зайцева, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықты алдын-алу басқармасының басшысы:

– Конкурста қажетті балды жинай алмаған үміткерге біз 2-ші мүмкіндік береміз. Азамат 3 ай дайындалып, конкурсқа қайта қатыса алады. Қазір мемлекеттік қызметшілерге қатысты заңның өзгеруіне байланысты талап қатаңдатылды деп ойлайтын шығарсыздар. Шын мәнісінде олай емес, керісінше, біз мемлекеттік қызметкерге қойылатын талаптарды жұмсартып жатырмыз.

Одан кейін жиында жемқорлыққа қатысты нақты фактілер айтылды. Жыл басынан 9 тәртіптік кеңес отырысы өтіп, 40-тан астам тәртіптік іс қаралыпты.

Жанат Жұмабаев, СҚО Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі:


– Жыл басынан 39 тұлға жауапкершілікке тартылды. 16-сы жемқорлыққа барды деген айыппен жұмысынан заңты түрде босатылды. 14 солтүстікқазақстандыққа қызметіне толық сай емес деген ескерту берілді.

Жемқорлық фактілерінің дені, яғни 70 пайызы мемлекеттік сатып алулар кезінде орын алады екен. Журналистер қауымы спикерлерден бұл бағытта қандай шаралар атқаралып жатқандығын сұрады.

Әділбек Мұқашев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:


– Жыл басынан мемлекеттік сатып алулар кезінде заңбұзушлыққа жол берген 6 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар конкурсқа біліктілігі төмен кандидаттарды қатыстырған. Және конкурсқа қатыстырылған адамдардың аталған салаларда еңбек өтілдері де болмай шыққан. Осы ретте кандидаттарды іріктеу кезінде комисия мүшелері де міндеттерін тиісті деңгейде орындамады.

Жемқорлықпен күресті жүргізетін құзырлы органға халықтың сенімі қаншалықты, Сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмау үшін қандай шаралар жасалып жатыр, жемқорлық оқиғалар жайында тиісті органға хабарды кім береді деген сауалдар жолданды. Сұрақтың біразы мемлкеттік тілде жолданғандықтан, спикерлер оған тұшымды жауап қата алмады.

Берик Касен