Білім

Қазақ-түрік мектеп-лицейінің шәкірттері халықаралық байқауда жүлделі орынға қол жеткізді

Жобалар ағылшын тілінде қорғалуы тиіс. Бразилияда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын беделді сайыс биыл қазанның 25-і мен қарашаның 2-сі аралығында Ново-Гамбург қаласында өтті. Білімділер бәйгесіне бұл жолы 20 елден 350 жоба ұсынылыпты. Соның 58-і – қазақстандық оқушылардың еңбектері.

Анар Балкотова комиссия мүшелеріне информатика пәнінен жазған “Easycodinq” жобасын таныстырып, оны сәтті қорғап шыққан. 7-8 сынып оқушыларына арналған бағдарламаны жасауға мектеп түлегі 2 жылын сарп еткен. Еңбегі еш кетпеді.

Анар Балкотова – Облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы:

– Құрастырған жобамыз 7 және 8-сынып оқушыларына информатика сабағында күрделі бағдарламалармен жұмыс істеуге көмегін береді. Жұмысты қолға алмас бұрын мен 2 көмекшіммен информатика мұғалімдерінен ақыл-кеңестер алдық.

Ал математика бағыты бойынша Болат Омаровтың айы оңынан туып, оның да жобасы жоғары бағаланды. Жұмыстың бағыты қаржы секторындағы құпияларды бөлісу әдісін меңгеруге арналған.

Болат Омаров – Облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы:

– Есеп шығаруға бастауыш сыныптарда оқып жүрген кезде әуес болдым. Мұндай халықаралық байқауға алғаш рет қатысып, бағымды сынадым. Жобаны бастан-аяқ жалғыз өзім жасап шықтым. Оны әзірлеу барысында қиындықтар кездесті, білмегенімді тәжірибелі математик оқытушылардан сұрап отырдым.

“Ұстаздан шәкірт озар” демекші, мұғалімі Әлібек Түсенов Болаттың болашағынан үлкен үміт күттіретін алғыр оқушы екендігін айтты.

Әлібек Түсенов – Облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі:

– Байқау биология, физика, химия, математика, астрономия, энергетика және ақпараттық технологиялар сынды 8 секцияға бөлінді. Жобаны қорғау ағылшын тілінде өткендіктен үміткерлерге жұмыстарын тиісті деңгейде қорғап шығу оңайға түспеді. Болатқа тоқталар болсам, алдына бір мақсат қойса, соған жетпейінше тынымсыз еңбектенетін шәкірттердің бірі. Оқушымның әлі талай биіктерді бағындырарына сенімім мол.

Халықаралық ғылыми байқаудың қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылар 9 алтын, 10 күміс және 8 қола жүлде еншілеген.

 

Бакыт Садуакасов