Спорт

Бокстан аса жеңіл салмақтағы уақытша әлем чемпионы Жанат Жақиянов елге оралды

Барлығы да Жанаттың кезекті жетістігіне ортақтасу үшін келген. Сол себепті, жиналған жұртшылық жеңімпаз поездан түсе сала оны ду-қол шапалақпен қарсы алды. Барлығы да Монакода қазақ елінің намысын қорғап, әлемдік додада көк туды желбіреткен жерлесімізге құттықтауларын жеткізуге асықты. Чемпионның анасы әрі басты жанкүйері Нұржәмилә Жақиянова балам рингке шыққан кезде қатты қобалжып, амандығын тілеп отырдым дейді.

Нұржәмилә Жақинова – Жанат Жақияновтың анасы:

– Баламның Әлем Чемпионы атағын жеңіп алғанына қуаныштымын. Екі спортшы арасында өткен бәсекені мен де тікелей эфирден көрдім. Қатты қиын болды. Маған ауыр тиді.Жеңіске жеткенде жылап та жібердім. Көп дайындалды, көп тер төкті.

Қазақстандық кәсіби боксшы қараша 7 сінде Монакода Монте-Карло қаласында өткен кездесуде венесуэлалық Йонфреса Пареходан басым түсті. Екеуінің арасындағы жекпе-жек 12 раундтан тұрды. Төрешілердің шешімімен жеңіс біздің спортшыға бұйырды. Чемпионның айтуынша, бұл жекпе-жек оған қиынға соққан екен.

Жанат Жақиянов – бокстан WBA дәрежесі бойынша уақытша әлем чемпионы:

– Шыны керек, бұл мен үшін қиын жекпе-жек болды. Қателіктерге де бой алдырдым. Қорғанысқа аз уақыт бөлдім. Бірақ, шабуылға басымдық бердім. Себебі, менің мақсатым бастапқы 3 кезеңде оны шаршату керек болды. Бірақ, ол қайта-қайта артқа шегіне берді. Бұл қиындық тудырды, әрине. 8-ші және 10-шы раунда мен бірнеше соққы жіберіп алдым. Ал чемпиондар раунды кезінде өзімді қолға алып, жеңіп шықтым. Қуанышымда шек жоқ.

Айта кетейік, бұл – Жақияновтың спорттық жолындағы 26-жеңісі. Ол оның 18-ін уақытынан бұрын нокаутпен аяқтап, бір рет қана жеңіліске ұшыраған.

Айгерим Ержанова