Ауыл шаруашылығы

Жеке кәсіпкер “Даму” қорынан қайтарымсыз грант алып, қоян өсіру фермасын ашты

Сондықтан, оны балалар мен қант диабетіне шалдыққан адамдар тамақ рационында көбірек тұтынғаны абзал дейді 20 жылдық тәжірибесі бар ұзын құлақ өсіруші Дмитрий Бирюков. Жеке кәсіпкердің бір жыл бұрын айы оңынан туды. Жерлесіміздің қоян өсіру фермасын ашу идеясы “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры ұйымдастырған бизнес идеялар байқауында зор қолдау тауып, жеңімпазға 3 млн теңге қайтарымсыз негіздегі гранты беріледі. Жолы болғыш жігіт уақыт оздырмай сол қаражатттың бір бөлігіне қора тұрғызып, өзге шаруашылықтан 50 бас хайуан сатып алады. Сөйтіп, 1 жылдың ішінде ебін білген іскер ұзын құлақтардың санын 200-ге жеткізеді.

Дмитрий Бирюков, кәсіпкер, Мамлют ауданы:

– Бұл істі бұрын қолға алу ойымда бар еді. Қолтұқымдарды
Астанадан алдырттым. Қазір ісімді ілгерілетудің амалдарын қарастыру үстіндемін. Ұзын құлақтарды сұлы, арпамен асыраймын. Оларға ешқандай екпелер жасамаймын. Сондықтан, қоянның еті экологиялық таза деп айта
аламын. Қоян етін жәрмеңкелерде өңір тұрғындарына сатамын. Ал терісін делдалдар мен ательелерге өткізбекшімін. Қазір тон тігушілерден ұсыныстар түсіп жатыр.

Беляк, бельгиялық үй қояны немесе фландр. Жеке кәсіпкер үй қояндарының 4 түрін топтап немесе бөлек-бөлек торда асырайды екен. Бұл – үй хайуандарын ұстаудың тиімді әдісі. Іс машақатты әрі қауіп-қатерге толы. Бір қоян ауырып қалса, бәрі құрыды дей бер.

Дмитрий Бирюков, кәсіпкер, Мамлют ауданы:

– Күнде жем-азығы алдында тұруы керек. Бір қоян жылына 4-6 рет төл береді. Бұл – будандастырылған қолтұқымдар. Түрлі аурулар мен құбылмалы ауа райына төзімді келеді. Алайда өзге тұқымдастары сияқты иісмай-әтір, темекі, арақтың иісін ұнатпайды. Өйткені, аталған заттар олардың денсаулығынан зиян. Мұнымен қоса, қоян тұрған қораны үнемі құрғақ, таза ұстау керек. Қора іші азынақ, ылғал, сыз тартып тұрмауы тиіс. Жазда ыстыққа төзімсіз.

Сүйікті ісі болғандықтан Дмитрий Бирюков не де болса нар тәуекелге барды. Массаж жасаушы мамандығынан бас тартып, қаладан Белое селосына көшіп келіпті. “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы қайтарымсыз грант ұтып алған кәсіпкердің осылайша бала кезіндегі арманы жүзеге асты. Дмитрий Бирюков болашақта асыл тұқымды қоян фермасы мәртебесіне қол жеткізуді көздейді. Ол үшін үйінің маңындағы жер телімдерін өз атына аударып, аумақты кеңейтпекші. Сөйтіп, ұзын құлақты хайуандардың санын 1 жарым жылда 3 мыңға жеткізбекші.

Берик Касен