Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жыл басынан Петропавл протез-орталығында барлығы 331 млн теңгені құрайтын бұйым жасалды

Айту керек, Петропавл протез-ортопедия орталығының стационарына жылына 2 мыңнан астам адам келеді. Әрқайсысы мұнда арнайы емдеу курстарынан өтеді дейді мамандар.

Лидия Роор – “Республикалық протез-ортопедия орталығы” АҚ Петропавл филиалының бас дәрігері:

– Бүгінде біздің орталықта 15 адам ем-дом шарасын қабылдауда. Жалпы стационар 75 адамға арналған. Мұнда біз әрбір пациентпен жеке жұмыс жасаймыз. Психологиялық тұрғыда көмектесуге тырысамыз. Сондай-ақ, протездеуге дейінгі де процедуралар жүргізіледі. Оларды арнай залда шынықтырып, протезге үйретеміз.

Сондай-ақ, бұл орталықта – көбіне аяқ-қолынан айрылған мүгедектер мен туа біткен науқастарға протез-ортопедиялық бұйымдары әзірленеді. Мәселен, мына жерде арнайы тапсырыспен тігілетін аяқ-киімнің дизайны сызылып, пішіледі.

Иван Першуткин – “Республикалық протез-ортопедия орталығы” АҚ Петропавл филиалының аяқ киім тігушісі:

– Менің бұл іспен айналысқаныма 22 жыл болды. Мұнда біз тапсырыспен жасалған ортопедиялық аяқ киім тігеміз. Орталық мамандары бұйымдарды дәрігерлер нұсқауымен дайындайды. Өнімнің сапасы басты назарда. Жыл сайын жаңа технологиямен жұмыс жасаймыз. Шет елдерге барып, білімімізді толықтырып тұрамыз. Жақында өзім Ресейден келдім.

Мекемеге келіп, ортопедиялық бұйымдарды жасатуға жүгінетіндердің қатары көп. Қазірде еліміздің 5 аймағының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Орталық жетекшісі Николай Петров дайындалған әр өнім бәсекеге қабілетті дейді.

Николай Петров – “Республикалық протез-ортопедия орталығы” АҚ Петропавл филиалының директоры:

– Жергілікті протез-ортопедия орталығы еліміздің Астана, Қарағанды, Қостанай, Ақмола облыстары мен өңір тұрғындарына қызмет көрсетеді. Кәсіпорын негізінен тендерге түсіп, мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс жасайды. Үстіміздегі жылы біздің орталыққа жалпы сомасы 430 млн 500 мың теңге болатын тапсырыс түсті. Бүгінде оның 331 млн теңгесі игерілді.

Бүгінде орталықта 93 қызметкер жұмыс жасайды. Жыл сайын мұндағы технологиялар мен құрылғылар жаңарып тұрады. Биыл бұл мақсатта кәсіпорын 40 млн теңге жұмсаған.

Айгерим Ержанова