МТРА жаңалықтары

Петропавлда жас кәсіпкерлерге арналған семинар-тренинг өтті

Шара қатысушыларының бірі дүкен ашуды ойласа, енді бірі шаштараз қызметін халыққа ұсынсам дейді. Ал, облыстық кәсіптік педагогикалық коллеждің 4 курс студенті Игорь Безвинный құрылыс заттарын саудаға шығаруды жоспарлап отыр. Ол үшін бозбалаға қаражатпен, тауар айналымына қатысты білім қажет.

Игорь Безвинный – семинар-тренинг қатысушысы, СҚО кәсіптік педагогикалық коллеждің 4 курс студенті:

– Біздің колледжде “Бизнес мектебі” атты сабақ өтеді. Онда біз саудаға қатысты ақпараттарды игереміз. Алайда сауда айналымына қатысты білімімді толықтыру үшін осында келдім. Қазір тың жобамды көпшілікке таныстырсам деймін. Жақын арада өз кәсібімді нарыққа шығаруды ойластырып жүрмін.

Жиында жастарға нарықтық бағамен жұмыс істеу, басқа да сауда орындарына бәсекелестік орнату жайы түсіндірілді.
Астаналық мейман Сергей Белов осындай шараларды еліміздің әр аймағында жиі өткізеді екен. “Жастардың көпшілігі үлкен бизнесті бірден қалайды, алайда биік шыңға шығу үшін кішкентайдан бастау керек” дейді қала қонағы.

Сергей Белов – “YBLmarketing” компаниясының директоры, Астана қаласы:

– Қазіргі қоғамда өз ісін енді бастағалы жүрген жастар жетерлік. Алайда олардың көбі бірден мол табысқа кенелсем дейді. Дегенмен ол үшін еңбектену қажет. Жас бизнес иелерінің тың жобаларымен жіті танысып оларға көмек беру қажет. Мысалы, былтырғы өткізген дәріс сабығымның арқасында бір кәсіпкер өз ісін өрбітті. Қазір ол саудамен айналысады. Ол үшін ерінбеген абзал.

Шара соңында әр қатысушыға “Бизнес-жобаларды жоспарлау және басқару” тақырыбы бойынша семинар-тренингтан өткендігі жайлы сертификат табысталды.

 

Култанов Байболат