Спорт

“Құлагер” командасы көкшетаулық “Арланнан” жеңіліс тапты

Қақпаларына бірінші болып гол өткізіп алған көкшетаулықтар есепті теңестіруге аттанды. Бұл жерде енді “Құлагер” сапында ойыншы қуылғанымен, спортшыларымыз әлсіздік танытпай 5/4 форматында сауатты қорғана білді. Десе де қонақтар көздеген мақсаттарына жетті. 79-шы нөмірдегі шабуылшы Марко Вирталаның бағыттаған жойқын соққысына Джон Мюррей тосқауыл бола алмады.

Есеп 1-1. Бұл жағдайды қайта түземек болған жерлестеріміз шабуылдауға кірісті. Теріскейліктердің қарқынына шыдамаған көкшетаулықтар ойын тәртібін бұзды. Бұл жолы қорғаушы Денис Шемелин қарсыласын аяғынан шалғаны үшін кіші айыппен жазаланды. Ойыншылар басымдығын жерлестеріміз тез арада пайдаланды. Бұл сәтте қорғаушы Владимир Гребенщиковтың жолы болып, жаңа команда сапындағы өзінің алғашқы шайбасын салды.

Осы қарқында алғашқы период аяғына жетті. Есеп 2-1, “Құлагер” командасының пайдасына шешілді.

Сонымен, бас төреші Евгений Плаксунов шайбаны ойынға қосып, екінші периодты бастады. Ойынның бұл бөлігінде қонақтар шабуылдарына қарқын қосты. Джон Мюррей қорғаған қақпаны қанша барлағанымен саңылау табылар емес. Ақырында көкшетаулық шабуылшы Элвий Биезайс “Құлагердің” қақпашысына қарсы ойын тәртібін бұзып, екі минут демалуға аттанды. Жерлестеріміз үшін оңтайлы сәт туғанымен қорғаушы Владимир Гребенщиков қателікке бой алдырып, қонақтарға нәтижелі пас шығарып берді. Мұны ұтымды пайдаланған Кирилл Сидоренко қақпашыдан айласын асырып, есепті теңестірді.

Көп ұзамай көкшетаулық ұжым Джон Мюррейдің қақпасына тағы да шайба салып, алға шықты. Бұл жолы бірінші бестіктегі шабуылшы Владимир Маркелов әріптесі Иван Кучиннің нәтиежелі пасынан кейін жойқын соққымен тоғыздықты дәл көздеді.

Ал кездесудің үшінші кезеңінде қызықты сәттер молынан болғанымен, ойынның тағдыры екінші периодта шешіліп қойған. Есепті теңестіріп, матчы овер-таймға дейін жеткізгісі келген бас бапкер Вячеслав Белан қақпашыны алтыншы ойыншыға да ауыстырды. Бірақ, арландық хоккейшілер теріскейліктердің қарқынына шыдас беріп, қос кездесуді жеңіспен аяқтап, қоржындарын 6 ұпаймен толықтырды.

Владислав Колесников – “Арлан” ХК қорғаушысы:

– “Құлагермен” өткен қос кездесуде оңай болған жоқ. Петропавлдық ұжым мықты ойыншылармен жасақталған. Оның үстіне жанкүйерлер де оларды алға жетелеп, демеу беріп отырды. Басында есеңгіреп қалып, шайба өткізіп алдық. Бірақ, жинақталып, жеңіске жеттік.

Енді бұл жеңістен кейін қонақтар 66 ұпаймен турнирлік кестеді өзінің бірінші орнын сақтап қалды. Ал ойын соңында жарыс фавориті көкшетаулық “Арлан” хоккей клубының бас бапкері Виктор Богатырев кездесу жайында өз ойын білдірді.

Виктор Богатырев – “Арлан” ХК бас бапкері:


– Біз кеше де, бүгін де бір шайбаға басым болдық. Қорытынды есептің осылай аяқталуы өте қиын. Өйткені, қателікке бой алдырсаң қарсылас теңестіріп, сені үш ұпайдан айыруы мүмкін. Жалпы кездесулер қиын болды. “Құлагер” мықты командалардың қатарынан. Бірақ, сіздердің турнирлік кестеде жайғасқан орындарыңыз әділетсіз. Себебі, құрама сапында үздік ойыншылар бар. Енді көп кездесуді үйде өткізіп, соларда жеңіске жетулеріңізді тілеймін.

Өз кезегінде жерлес команданың бас бапкеріне де тілшілер қауымы сұрақтарын жаудырды.

Вячеслав Белан – “Құлагер” ХК бас бапкері:


–  Команда ойыншылары алаңда ұтымды сәттер жасайды, бірақ оны голмен аяқтай алмайды. Сол жағынан көп қателіктер кетті. Оның үстіне қорғаушылар тарапынан қателіксіз ойынды көре алмадым. Өздеріңіз көргендей екінші гол Владимир Гребенщиковтың қателігінен кейін салынды. Сонымен қатар, команда сапында жарақат алған ойыншылар көп. Сол себепті, қосалқы құраммен кездесу өткізіп жатырмыз. Алдағы уақытта хоккейшілер жазылып, алаңға оралады. Сол кезде қоржынға ұпайларды молынан саламыз.

Бұл жеңілістен кейін жерлестеріміз 29 ұпаймен 8-ші орында тұрақтап тұр. “Құлагер” командасының келесі ойыны қарашаның 10-ы мен 11-і күні өтеді. Онда теріскейлік ұжым сырт алаңда алматылық хоккейшілермен күш сынасады.

 

Риат Шони