МТРА жаңалықтары

Петропавлда тәртіптік кеңестің отырысы өтті

Қайрат Ермекбаев – Мамлют ауданының прокуроры:

– Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы үстіміздегі жылдың 12-ші мамырында Ресейге көлік алуға жолға шыққан. Өстіп, ол өзіне істемеген жұмыс күні үшін 4300 теңге көлемінде заңсыз ақша алған. Сондай-ақ, тергеу барысында мекеме директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарының да осыған ұқсас қаржылық былықтары әшкере болды. Қос тұлға мемлекетке 50 мың теңгедей шығын келтірген. Қазіргі таңда заңды бұзғандар қаржыны толығымен қайтарды.

Айыпталушы тарап болса, өзінің қызметтік бабын асыра пайдаланғанын толығымен мойындап отыр.

Думан Серғалиев – Мамлют ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:
– Да, нарушение было с моей стороны.

Осылайша, тәртіптік кеңес мүшелері кінәлі басшыға қатаң сөгіс жариялады.
Бұдан кейін Петропавлдағы Отбасылық үлгідегі балалар ауылы директорының ісі қаралды. Анықталғандай, Арыстан Әкімжанов жетім балалар тұтынатын азық-түлік өнімдерінің бағасын сатып алу жөніндегі келісім шартта нақты құнынан жоғары көрсеткен. “Жетім көрсең жебей жүр” деген нақылды бұл жолы ұстанбаған азаматқа тәртіптік кеңес мүшелері келесідей шешім шығарды.

Әділбек Мұқашев – Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:


– Бұл кісінің бюджетке біраз шығын келтіргені қағаз жүзінде дәлелденіп отыр. Аталған іс бойынша тиісті шара қолдануды Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасына жолдауға ұсынамын.

Тәртіптік кеңесте қаралған соңғы іс тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын сақтауға қатысты болды. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет түрлерін тиісті дейгейде атқару бойынша ұсынымдар берілді.

 

Бакыт Садуакасов