Құқық қорғау органдары

Биыл СҚО ІІД жанынан құрылған мұражайға 26 жыл толды

Берік Біләлов – СҚО ІІД бастығы:


– Ғылым мен білімнің, тарихи құндылықтардың қайнар көзі ретінде өскелең ұрпаққа рухани сананы қалыптастыруда мұражайдың рөлі өте зор. Қызметкерлердің қажырлы еңбегі мен зор жауапкершіліктерінің арқасында бой көтерген мұражайдың бірі біздің ішкі істер департаментінде орналасқан. Кешен ұжымының жұмысына сәттілік, табыс тілеймін.

Бұдан кейін Берік Біләлов мұражайға 26 жыл толуына орай бірқатар қызметкерлерді марапаттады. Ең алдымен кешен меңгерушісі Любовь Осинская құрмет-қошеметке бөленді.

Любовь Осинская – СҚО ІІД мұражай меңгерушісі:

– Мұражай құрылған жылдары 600-дей құжаттар мен фотосуреттер бар болатын. Одан бері кешен көптеген заттармен толықты. Қазіргі таңда мұнда қару-жарақ үлгілері мен полиция қызметкерлерінің қызмет бабында түсірілген суреттері сақтаулы. Тағы нысан ішінен тәртіп сақшыларының әр кездердегі киім үлгілерін байқауға болады.

Сондай-ақ, мұражай кешенінің дамуына елеулі үлес қосқаны үшін мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің маманы Гүлсәуле Қожакенова да алғыс хатпен марапатталды.

Гүлсәуле Қожакенова – СҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің маманы:

 

– Бұл мұражайға күнделікті қолғабыс етіп, көмектесіп тұрамыз. Мұндағы жәдігерлер туралы жазылатын мәліметтерді мемлекеттік тілге аударамыз. Осылайша біз өз көмегімізді беріп тұрамыз. Барлық мұражай қызметкерлерін мерекелерімен құттықтаймын.

Департаментте бұл мұражайды кезінде ашуға септескен милиция генерал-майоры Михаил Баранов. Алғашында көптеген материалдар ішкі істер департаментінің мемлекеттік арнайы мұрағатынан және өңірдегі мұражай қорларынан алыныпты. Бірегей экспонаттарды жинауға полиция ардагерлері де қолдан келгенше үлестерін қосқан. 26 жыл ішінде ведомстволық мұражайда 46 мыңнан аса экскурсия ұйымдастырылыпты. 300 шаршы аумақты алып жатқан нысанда 5 мыңдай жәдігер сақтаулы.

Бақыт Сәдуақасов