МТРА жаңалықтары

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко өңірлік апаттық-құтқару қызметінің жұмысымен танысты

Жедел-әрекет ету штабының әр бригадасымен танысу барысында вице министр жауапты қызметтерге әзірліктерін пысықтап отыруды міндеттеді. Владимир Божко облыстың құтқару қызметіне оң бағасын берді.

Владимир Божко – ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

-“Қыс-2015” республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларын еліміздің солтүстік өңірлерінде өткізу маңызды. Өйткені, дәл осы аймақтарда аязды және боранды күндер жиі орын алады. Сол себепті, осындай шараларды өткізіп, дайындықты тағы бір пысықтап алуды жөн көрдік. Өткен қыста еліміздегі республикалық және облыстық маңыздағы жолдар 600 рет уақытша жабылған. Қар құрсауынан 5 мыңдай көлік құтқарылып, 14 мың қазақстандыққа көмек көрсетілді. Іссапар барысында сіздердің өңірлеріңіз қысқа толықтай әзір екендігіне көз жеткіздім.

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов теріскей аумағында төтенше жағдайды болдырмау мақсатында жыл сайын арнайы техникалардың алынып тұратындығын жеткізді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Қысқы уақытта орын алатын оқыс оқиғаларға облыстың барлық апаттық-құтқару қызметі мен коммуналдық кәсіпорындары дайын. Біз жыл сайын жолды қардан аршитын қуатты техникалар сатып аламыз. Сондықтан, қыс мезгілінде сала мамандары күшейтілген режімде жұмыс істейтін болады.

Осы күні Қарлы дауыл кезінде төтенше жағдайдың алдын алуға бағытталған оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды. Жоспар бойынша кезекші-диспетчерлік қызметтің бірыңғай нөміріне республикалық маңыздағы “Петропавл-Омбы” тас жолының 30-шы шақырымында жолаушылар көлігінің қар құрсауында қалғаны жөнінде мәлімет келіп түседі. Ақпараттың жеткені сол-ақ еді, апат орнына қар тазалайтын көліктер мен жедел-жәрдем дереу жетіп, тиісті қызметтерін атқарды.

Асхат Ержанов – СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

-Оқу-жаттығу жиыны жоспарға сай өтті деуге болады. Апат болған аумақ қардан тазартылып, медицина қызметкерлері жағдайы ауыр жолаушыларға алғашқы көмегін жасады.

 

Бакыт Садуакасов