Қоғам

Биыл Петропавлда 4 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген

Жангелді Тажин, Петропавл қалалық ІІБ жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы:

-Арнайы мамандарды шақырып отырмыз. Олармен бірігіп балалар арасындағы суицид жағдайының алдын алу жайлы сөз қозғамақпыз.

Петропавлда биыл өз-өзіне қол жұмсамақ болған 4 жасөспірім аман қалды. Ал тағы біреуі өзге балалардың тарапынан көрсетілген қысымға шыдамаған себепті, өмірмен қош айтыспақ болған. Өкінішке қарай, 9-сыныпта оқитын баланың бұл әрекетіне ешкім араша түсіп үлгермен. Ал, республика көлемінде жастар арасында орын алған 84 суицид оқиғасы тіркеліпті. Мұндай қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін тек оқу орнындағы психологтың жұмыс жасауы жеткіліксіз. Өңірдегі заң өкілдері, түрлі ұйым мүшелері мектеппен жиі байланысқа түсіп, оқушыларды қоғамға бейімдеуге ат салысқаны жөн дейді мамандар.

Гүлден Ақмағамбетова, Петропавл қаласы білім бөлімінің әдіскері:

-Бүгінгі таңда мектептегі балалардың тәрбиесі мен мінез-құлығына ерекше көңіл бөліп жүрміз. Бұл жағдайда психолог мамандарға – ата-аналар, өзге де қоғамның өкілдері көмек көрсетсе жақсы болар еді.

Жиында психолог мамандар бір-біріне сұрақтарын қойып, өз ойларымен бөлісті. Алдағы уақытта да осындай басқосулар өткізіп, бірігіп жұмыс жасайтындарын айтты.

 

 

Акбопе Танирберген