МТРА жаңалықтары

Аудандардың қысқа дайындығы да тексерілді

Төлеген Әлжанов – Қызылжар аудандық ІІБ бастығының орынбасары:

-Ауа райы тосын мінез танытқанда жол-патрульдік полиция қызметкерлері жолдағы көліктерді тоқтатып, жүріп өткен учаскедегі жолдың жағдайын және тоқтап тұрған машиналардың бар-жоқтығын сұрастырады. Тәулік бойы кезекшілік жүргізіледі. Оқыс оқиға бола қалған жағдайда ол туралы бірден хабарланады.

Қызылжар ауданы арқылы өтетін республикалық және облыстық 7 жол учаскесін боранды күндері үнемі қар алып қалады екен. Осындай жағдайда жолдарды аршуға қажетті техника дайындалыпты.

Ерболат Қуанышев – Қызылжар аудандық ТЖБ бастығы:

-Қызылжар ауданын басып өтетін республикалық жолдарды қардан арылтуға 17 техника дайын. Олардың ішінде 3 автогредйдер, 1 қар тиегіш, тағы тракторлар және құм шашатын машиналар бар. Ал облыстық жолдарды қалыпты жағдайда ұстауға 14 техника ат салыспақ.

Теріскейде қыс мезгілінің алты айға созылатынын ескеру керек. Сондықтан, барлық қызметтер ауа райы тосын мінез танытқанда абдырап қалмауы тиіс. Ол үшін әр елді мекенде жылыту пункттері аязды күні жолда қалған тұрғындарды қабылдауға даяр болғаны жөн. Ондай мекемелердің саны ауданда – 43. Көбі мектептерде орналасқан екен. Осы ретте Ішкі істер министрінің орынбасары Влавдимир Божко құр босқа жаттанды сөздерді айта бермей, одан да жылыту пунктерінің жағдайын қадағалап, тиісті мекемелерге бірлесіп жұмыс жасау қажеттігін ескертті.

Владимир Божко- ҚР ІІМ орынбасары:

-Жылыту пунктері қайда орналасқандығын ғана біліп қоймай, олардың қаншалықты дайын екендігін тексеру қажет. Яғни, мектеп болса директорлары жолда қалған адамдарды қабылдауға даяр болуы керек. Ондағы жатын орындар – осының барлығы ескертілуі тиіс.

Кейін ҚР ІІМ орынбасары Владимир Божко аудандық өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысты. Қазір мұнда арнайы 3 көлік бар. Тағы 30 адам еңбек етеді.

 

 

Магжан Ахмадина