Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қысқа дайындық тағы бір пысықталды

Владимир Божко- ҚР ІІМ орынбасары:

 

-Бұл дәстүрлі түрде өткізілетін жиындар. Олардың маңызы зор. Біз барлық апаттық жағдайда жұмыс істейтін қызметтердің дайындығын көре аламыз. Оның штабы- Петропавл қаласында орналасқан. Бұл ретте теріскейдің таңдалуы тегін емес. Өйткені нақ осы өңірде, ауа райы өзінің тосын мінезін танытып, қысқы уақытта көптеген төтенше жағдайлар орын алады. Бір қуантарлығы соңғы жылдары қызметкерлер оқиға орнына уақытылы жетіп, зардап шеккендерге көмек көрсетеді. Бұл техника мен қызметкерлердің дайындығын білдіреді.

Қысқы уақытта орын алатын төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында облыста 708 бірлік техника мен 240 жылыту пунктері дайындалыпты. Тағы республикалық маңыздағы жолдарда орналасқан ұйымдар 73 бірлік техника әзірлеген. Ал облыстық жолдарда әрекет ететін ондай 97 көлік даяр. Бұдан бөлек, 3 мың тоннаға жуық көктайғаққа қарсы материалдар әзірленіпті. Мұның барлығы солтүстіктік сарышұнақ аязында апат орын ала қалса, қиын жағдайға тап болған теріскейліктерге көмеккке келмек. Өлкемізде қыс 170 күнге дейін жалғасады. Яғни, әр күн сайын «сақтықта қорлық жоқ» екендігін қаперде ұстау қажет. Өйткені мамандлар, тұрғындарды борандар мен аяздар жайлы қанша ескертсе де, оны құлаққа ілмей, жолға шығатындар табылуда.

Владимир Бубенко- СҚО әкімінің орынбасары:

-Өткен жылы құтқарушылар қар құрсауынан 2623 адам мен 960 техниканы құтқарды. Қыс уақытында облыста 16 рет төтенше жағдай жарияланып, ол туралы тұрғындар БАҚ арқылы ақпараттандырылды. 7 рет жолдарды уақытша жабу туралы шешім қабылданды. Тағы 30 елді-мекенде қаңтар айында қардың мөлшерден тыс түсуінен ауылдықтардың қатынасы қиындады. Бірақ ондай мәселелер бізде уақытылы шешіліп отырады.

Синоптиктер қаңтар аязды болады деп отыр. Ал ақпанда шамадан тыс қар түседі. Сондықтан коммуналдық мекемелерге жүктелер салмақ артпақ. Биыл облыс орталығындағы жолдарды қалыпты жағдайда ұстауға 351 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Бүгіндері ол толығымен игерілді. Жалпы қыс мезгілінде қаланың 230-ға жуық көшесінде тазалық орнату үшін күн сайын 130 техника мен 300 адам жұмыс істемек. Қазіргі таңда Петропавл көшелерін қалыпты жағдайда ұстайтын 7 кәсіпорын бұл жұмыстарға сақадай сай. Жанар-жағармай, инертті материалдармен толық қамтылған деді Петропавл қаласы әкімінің міндетін атқарушы- Қайралла Ғалеев. Осы ретте вице-министр қала басшылығына бірнеше сауалдар жолдады. Солардың бірі қысқы уақытта ауа райы тосын мінез танытса, оқушылар мен мектепке дейінгі балғындарды хабарландыруға қатысты болды.

Қайролла Ғалеев- Петропавл қаласы әкімінің міндетін атқарушы:

-Біз ең алдымен теледидардан күннің суытатындығы жөнінде хабарлама береміз. Онда қай сынып оқушыларына мектепке баруға болмайтындығы көрсетіледі. Одан бөлек СМСтер жөнелтеміз. Ол үшін Кейсел және билайн байланыс операторларымен келісім жасалған. Тағы қалада радиоқұрылғы орнатылған көлік жүріп, жұртшылықты хабарландырады.

Жиын барысында Владимир Божко проблемалы аудандарға ерекше назар аудару керектігін қадап айтты. Тағы жылыту маусымының қалай өтіп жатқандығын сұрастырды. Өйткені бүгіндері облыс орталығындағы жылыту жүйесінің тозығы жеткіндігі жасырын емес.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі:

-Бүгіндері жылыту желілерінің 76 пайызының тозығы жеткен. Ал магистральдік құбырлардағы ол көрсеткіш бұдан да жоғары. Ол 88 пайызды құрап отыр. Бұл мәселені шешу қажет. Сондықтан қазір монополистер тарифті көтеріп, алдағы 4 жылға арнайы бағдарлама жасап отыр. Мәселені алдағы 4-5 жылда шешеміз деп отырмыз.

Бүгіндері өңір тұрғындарын жылумен қамтамасыз етіп жатқан барлық қазандықтар ойдағыдай жұмыс істеп тұр. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдени ошақтары кестеге сай жылумен қамтылды. Бюджеттік мекемелерге көмір уақытылы әрі толық мөлшерде жеткізілген. Жалпы жылыту маусымына ағымдағы жылы 4,5 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды.

 

Магжан Ахмадина