Спорт

“Мен чемпионмын” тележобасының алғашқы ойындары өтті

Қанат Бакеев – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі:

-Сайыстар қиын емес. Оқушылардың күнде сабақта жасайтын жаттығулары.

Сайыстың алғашқы эстафетасы басталысымен ақ жейде киген “Жеңіс” командасы алға суырылып шықты. Түрлі сындардан сүрінбей өтіп, қарсыластарын қапы қалдыруда. Десе де, “Бірлік” құрамасы олардан қалар емес.

Қанша қарсылық танытқанымен “Жеңіс” ойыншылары қарсыластарының алдын орап кетті. Ал келесі сайыс қос команда үшін де қиынға соқты. Өйткені, мұнда балалар скейтбордқа кеудемен жатып, белгіленген нүктеге жылдам жету қажет. Бұл сында намысқа тырысқан сары жейдедегі “Бірлік” командасы есепті теңестіре алды.

-Баскетбол – бұл ептілер мен бойшаңдардың ойыны. Бірақ, бұл сында аласалардың да жолы болып кетуі мүмкін. Дегенмен де, допты сақинаға дәл салу оңай ісі емес. Келесі сайыс – баскетбол.

Бұл сында ойыншылар допты сақинаға дәл түсіруге тырысқанымен ол барлығының қолынан келмеді. Бастысы жылдамдық деп алға жүгірген оқушылар көптеген қателікке бой алдырды. Сөйтіп, кезекті кезеңнің жеңімпазы тағы да “Бірлік” атанды. Мен чемпионмын” спорттық ойыны қызықты әрі бұл сында жеңіске жету оңай емес. Жарысқа қатысушы құрамаларды жанкүйерлер де қызу қолдауда.
Сайыс қорытындысы бойынша “Жеңіс” командасы 2-ші орынды иеленді. Ал “Бірлік” құрамасы жеңімпаз деп танылды. Енді есе жіберіп алған “жеңістік” ойыншылар қарашаның 6-сы күні осы мектептің өзге құрамасымен кездеспек.

Мирас Жеңіс – “Бірлік” командасының капитаны:

-Ойын оңай болған жоқ. Қарсыластарымыз мықты. Маған скейдбортпен сырғанау қиын болды.

Айта кету қажет, “Мен чемпионмын” балалар спорт ойынының географиялық ауқымы кеңеюде. Биыл бұл жобаға өңір бойынша 10 мыңға жуық мектеп оқушылары қатыспақ.

Қанат Сәдуақас – СҚО бiлiм басқармасы спорт, дене шынықтыру және АӘД өңiрлiк оқу-әдiстемелiк орталығының директоры:

-Жалпы биылғы маусымда қатысушылардың саны 10 мыңға дейін жетті. Жаз айларында осы сайыстың республикалық кезеңін өткізуді жоспарлап отырмыз.

Жалпы бүгін “Мен чемпионмын” балалар спорт ойыны қаламыздың 4 мектебінде өткізілді.

 

 

Риат Шони