Спорт

Петропавлда прокурорлар арасында шағын футбол мен волейбол жарысының 1-ші кезеңі бастау алды

Жалпы шағын футбол мен волейбол ойындарының бірінші кезеңі Петропавлда 2 күнге жалғасады. Алғашқы күні қадағалау органының қызметкерлері теңбіл доп тебуден сынға түссе, жарыстың екінші жартысында волейболдан шеберліктерін дәлелдеуі тиіс.

Сонымен сайыс ережесі түсіндіріліп, алаңға бірінші болып біздің өңір мен Қостанай облысының құрамалары шықты. Ойын басталғаны сол-ақ еді 9-шы нөмірдегі жерлесіміз Егор Поляков өз командасына алғашқы ұпай сыйлап, есеп ашты. Қостанайлықтар есеп айырмасын теңестіруге тырысқанымен оларынан түк шықпады. Кейін жергілікті құрама қатарынан 3 гол салды. Өстіп, бірінші тайм 4-те 0 есебімен аяқталды.
Ал, екінші тайм бойы қостанайлық команда қарсыластарына бір-ақ гол соғып үлгерді. Ойын нәтижесі 4-1 есебімен өңір прокурорларының пайдасына шешілді.

Егор Поляков – СҚО прокуратурасы құрамасының шабуылшысы:

-Түстен кейін тағы 3-4 кездесу өткіземіз. Чемпионат өз алаңымызда өтіп жатқандықтан, жеңісті қолдан бермеуге тырысып жатырмыз. Жаңағы кездесуде жеңіске жету біздің командаға оңайға соқпады.

Алғашқы кездесулерін сәтсіз аяқтаған қостанайлық құрама мойыған жоқ. Алдағы екі кездесуде жақсы нәтиже көрсететіндеріне сенімді.

Мақсат Тілеуленов – Қостанай облысы прокуратурасы құрамасының шабуылшысы:

-Бүгінгі кездесуде біздің командаға сәл сәттілік жетіспеді деп ойлаймын. Дайындығымыз да жаман емес. Келесі ойындарда бар күш-жігерімізді салып, қателіктерге бой алдырмауға тырысамыз.

Айта кетейік, турнирдің 1-ші кезеңінде жеңімпаз атанған команда республикалық сайысқа жолдама алады.

 

 

Бакыт Садуакасов