Ауыл шаруашылығы

Биыл солтүстікқазақстандықтар “Құлан” бағдарламасы аясында 1 584 аналық бас жылқы, 153 бас асыл тұқымды айғыр сатып алды

Кәсіпкер Александр Фомичев тұяқтыларды былтыр “Құлан” бағдарламасы аясында сатып алды. Жерлесіміздің айтуынша, ауыл тұрғындарының көбі жылқы ұстауға құлықты. Бірақ олардың қаражаттары мен кепілдікке қояр мүліктері жоқ. Осыны мемлекет ескеріп, несие шарттарын қайта қарастырып, орта тапқа несиені қолжетімді етсе деген өтініші бар кәсіпкердің.

Александр Фомичев, кәсіпкер, Қызылжар ауданы:

-Былтыр мемлекеттің қолдауы арқасында 32 бас жәбе жылқысын “Шеголев” шаруа қожалығынан сатып алдым. Оның 2-уі асыл тұқымды айғыр. Бір өкініштісі, менің кепілдікке қояр жылжымайтын мүлігім онша көп емес еді, сондықтан қаржы институты шамама қарап маған 10,5 млн. теңге берді. Әйтпесе бұдан да көп қарыз алып, көп жылқы сатып аламын ба деп ойлағанмын.

Александр Фомичев жылқы шаруашылығын кездейсоқ таңдамады. Бұған дейін бұл іспен оның әкесі айналысқан. Қазір ата кәсібін Александрдың 3 інісі де жалғастырып жүр. Жерлес кәсіпкердің мақсаты айқын. Александр Фомичев болашақта қазақтың “Жәбе” тұқымды жылқысын өсіретін асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін алмақшы. Осылайша ол етті бағыттағы асыл тұқымды тұяқтыларды өзге шаруашылықтарға сатып пайда таппақшы.
Жалпы жыл басынан бері “Құлан” бағдарламасы аясында “Аграрлық несие корпорациясының жергілікті филиалы 56 адамға жалпы сомасы 500 млн. теңге несие түріндегі қарыз берген.

Алмас Сердалин, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ СҚОФ бас маманы:

 

-Құлан бағдарламасына арналған несие жылына 14 пайыздық мөлшерлемесімен жеке және заңды тұлғаларға 10 жылға дейін беріледі. Айта кетейін, жылдық 14 пайыздық мөлшерлеменің тең жартысын мемлекет субсидиялайды. Несиенің минималды мөлшері 4 жарым млн. теңге. Жыл басынан 56 тұлға аграрлық несие корпорациясының жергілікті филиалынан несие алып, 1584 аналық бас жылқы мен 153 бас асыл тұқымды айғыр сатып алды.

Биыл “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ СҚОФ жылдық жоспарды асыра орындап, өңірімізге бөлінген несие ресурстарын толығымен игерді.

Берик Касен