Спорт

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Үміт” клубына екі жыл

Яков Карасев – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Үміт» спорт клубының мүшесі:

-7 жасыма дейін менің денсаулығымда еш кінәрәт болмаған. Содан кейін кенет жүре алмай қалдым. Балдаққа сүйенуге тура келді. Бірақ, мен мұқалмадым. Дәрігерлердің кеңесімен басссейнге жазылып, суда жүзуді үйрендім. Бүгінгі күнде спорт өз нәтижесін беруде. Қазір мен ақырындап жүре аламын.

Облыс орталығындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Үміт» клубы осыдан екі жыл бұрын құрылыпты. Бүгінде мұнда спорттың 9 түрінен 162 адам шынығады. Оның ішінде шаңғы, футбол, жеңіл атлетика, үстел ойындары мен бассейн де бар. Қатысушыларды біліктілігі жоғары мамандар түрлі жарыстарға дайындайды.

Наталья Предейна – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Үміт» спорт клубының жаттықтырушысы:

-Менің суда жүзу бойынша жаттықтырушы болғаныма 32 жыл болды. Аптасына 3 реттен жиналамыз. Бірінші, құрғақ залда дайындалып, кейін суға түсеміз. Дайындығымыз шамамен 3 сағатқа созылады. Бұл біздің клубымыздың мүшелеріне өте пайдалы. Не дегенмен, спорт – денсаулық кепілі ғой.

Аталмыш клуб мүшелері облыстық, республикалық, тіпті, халықаралық дәрежедегі жарыстардан жүлделі оралудан жалыққан емес.

Елена Марон – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Үміт» спорт клубы директорының орынбасары:

-Биыл біз халықаралық және республикалық 10-ға жуық жарысқа қатыстық. Нәтижеміз де баршылық. Мәселен, Қазақстанның 4-ші паролимиадасына бізден 20 спортшы аттанды. Барлығы да жүлделі орынның медалін алып қайтты. Сондай-ақ , Владимир Эрман мен Сергей Харламоф Сочиде өткен «IWAS» (АЙВАЗ) халықаралық ойындарына барып үздік 10 спортшының тізіміне енді.

Айту керек, биыл «Үміт» спорт мектебіне облыстық бюджеттен 24 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген.

Айгерим Ержанова