Қоғам

СҚО-да әлеуметті салаларға бағытталған бағдарламалар ретімен жүзеге асырылып келеді

Анархан Дүйсенова, облыс әкімінің орынбасары:

– Осы күні 3 пен 6 жас аралығындағы балғындарды балабақшамен қамту мәселесі күн тәртібінде тұр. Жыл басынан облыста 414 балабақша ашылды. “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында 320 орындық нысан бой көтерді. Жеке кәсіпкерлердің қаражатына 3 балабақшы ашу жоспарда бар.

Сондай-ақ, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар да қоғамның назарынан тыс қалған емес.

Анархан Дүйсенова, облыс әкімінің орынбасары:

– Осы күні 3 100-ден астам жеткіншекті басқа адамдар бауырына басқан. Бүгінде бала асырап алғысы келетін 90 жанұя кезекте тұр. Ата-ана құқығынан айыру фактілері де азайып келеді.

Жиында журналистерді денсаулық сақтау саласына қатысты болып жатқан өзгерістер қызықтырды. Бүгінде бұл бағытта кадр тапшылығы бар. Өңірге 118 медициналық қызметкер жетіспейді.

Анархан Дүйсенова, облыс әкімінің орынбасары:

– Биыл өңірімізде ана өлімі тіркелмеді. Бала өлімінің көрсеткіші 0,3 пайызға төмендеді. Туберкулезге шалдығушылардың үлесі 23 пайызға кеміген. Дей тұрғанмен қатерлі ісікпен ауыратындардың саны сиреген жоқ. Менің айтарым, дертті ерте сатысында анықтау маңызды. Сондықтан, тұрғындар скринингтік тексерістерден жиі өтіп тұрғаны жақсы.

Биыл 42 ана жасанды жолмен бала көтерген. Қазір баланы сүюді аңсап жүрген 376 жұп репродукция бөлімшесінде кезегін күтуде. Болашақта осы бағытта квота көп бөлінуі мүмкін. Жиында журналистер спикерлерге болашақта балалар емханаларының атауының өзгеруіне қатысты сұрақ қойды.

Анархан Дүйсенова, облыс әкімінің орынбасары:

– Алдағы уақытта жалпы практикадағы дәрігерлердің рөлі артып, облыс орталығындағы емханалардың атауы өзгертіліп, аталмыш нысандар аралас немесе отбасылық типтегі емдеу мекемелеріне айналады. Онда ересектер мен балалар дәрігерлерге тең қаралады. Бұл өзгерістен ешкім зардап шекпейді. Медициналық қызметкерлер қысқартылмайды, адамдар тұрғылықты мекен жайы бойынша қаралады. Сондықтан, босқа даурығуға негіз жоқ.

Осы жерде тілшілер тұрғындарға тегін таратылатын препараттардың қоры мен оған бөлінетін қаражаттың сомасын сұрады.

Анархан Дүйсенова, облыс әкімінің орынбасары:

– Бүгінде 110 мыңнан астам солтүстікқазақстандық диспансерлік есепте тұр. Тұрғындарға бірінші кезекте тегін таратылатын дәрі-дәрмектер қоры жеткілікті. Биыл осы мақсатқа 139 млн теңге бөлінді.

Халықтың денсаулығы мықты болу үшін ұдайы спортпен шұғылданған дұрыс. Өйткені, адам денсаулығының 20 пайызы ғана ақ халаттыларға байланысты дейді спикерлер. Қазіргі таңда солтүстікқазақстандықтардың 27 пайызы бұқаралық спортқа тартылған. Аймағымызда кәсіптік-педагогикалық колледжде бапкерлерді даярлайтын мектеп ашылды. Жергілікті билік мансап қуған спортшыларды да сыйлықтармен, қаражатпен ынталандырып жүр. Осы жылы 90 жерлесіміз облыс әкімінің грантын алды. Ол шамамен 150 мың теңгені құрайды. Тағы ұлттық құрамада жаттығатын 350 жерлесіміздің халықаралық додаларда алар асуы көп. Жыл басынан өңір қоржынына түрлі дәрежедегі 406 медаль салыныпты. Осы тұста жастар спортшылардан үлгі алып, жаман әдеттен аулақ болып, бос уақытын тиімді өткізу қажет. Бұл бағытта елді мекендерде, облыс орталығында клубтар мен ойын-сауық орталықтары ашылуда.

Анархан Дүйсенова, облыс әкімінің орынбасары:

– Үстіміздегі жылы мәдениет саласына 2 млрд теңге бөлінді. Биыл 8 ауылда жастардың бос уақытын тиімді өткізетін орталық ашылды. Желтоқсанның 1-іне дейін облыстық филармония күрделі жөндеуден өтеді. Ол нысанға облыс қазынасынан 200 млн теңге бөлінді. Ал Н.Погодин атындағы орыс драма театрының материалдық техникалық базасын нығайтуға бағытталған 100 млн теңге толығымен игерілді. Және “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында 41 млн теңге бөлініп, Аққайың, Ақжар, Мамлют аудандарында жаңа клуб ашылды.

Мүгедектерге жасалған жағдай, еңбек нарығына қажетті мамандықтар, міндетті медициналық сақтандыру. Баспасөз мәжілісінде осы сұрақтар да көтерілді.

Берик Касен