Мәдениет

Облыс орталығында Белорусь мәдениетінің фестивалі өтті

Ал, жалпы аймақта 6 мыңға жуық белорусь ұлтының өкілі тұрады. Бүгінгі байқауда олар өз мәдениеті мен дәстүрін таныстырып, өнерлерін ортаға салуда. Айту керек, шараға Қызылжар ауданынан “Кали Ласка” белорусь этнобірлестігі арнайы келген. Биыл бұл ұйымның құрылғанына 10 жыл толып отыр. Этнобірлестік мүшелері туған тілдерінде ән салып, ұлттық билерін көрермендер назарына ұсынды. Сондай-ақ, мұнда сөрелерге белорусь ұлты жайлы кеңінен мағлұмат беретін тарихи-танымдық кітаптар жайғастырылған. Ал, кіре берістегі қолөнер бұйымдарының көрмесі жұршылықтың назарын ерекше аударды. Белорусь халқында Киев Русі кезінен тоқыма тоқу жақсы дамыған көрінеді. Негізінен, ұлттық бұйымдары сабаннан жасалады екен. Бірақ, қалада ол өсімдікке қол жеткізу қиын болғандықтан, қолөнерші апалы-сіңлілер – Нина мен Лилия Кузнецовалар жұмыстарына тоқыма жіпті пайдаланыпты. Осылайша, белорусь халқы мәдениетінің ерекшелігін жұршылыққа көрсетуді көздедік дейді бүгінгі кешті ұйымдастыруға ұйтқы болған “Радзіма” белорусь мәдени орталығының жетекшісі Мария Татаренко.

Мария Татаренко, “Радзіма” белорусь этномәдени орталығының жетекшісі:

– Кезінде Белоруссия Польшаның, Украинаның, Ресей империясының құрамында болды. Бүгінде мәдениетіміз бен өнеріміздің, тіліміздің ұқсас болуы соның нәтижесі болар. Сондықтан, бүгін сахнада тек өз өнерімізді ғана емес, бауырлас халықтардың, өзге де ұлт өкілдерінің мәдениеті көрініс тапқанын жөн деп таптық. Қазір Петропавлда біз өз тілімізді дамытып, өнерімізді танытуға мол мүмкіндік алып отырмыз. Оған дәлел – №17-ші ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде белорусь сыныбының ашылуы.

Акбопе Танирберген