МТРА жаңалықтары

Назарбаев Зияткерлік мектебінде кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектордың кабинеті ашылды

Гүлжан Жақанова, Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының орынбасары:

– Мектепте 426 бала бар. Көбі жатақханада тұрады. Олардың барлығын қоғаммен қалай араласу, өзін-өзі қалай ұстауы жайлы тәрбиелейтін арнайы бағдарламалар қолға алынған. Бүгін енді арнайы сынып ашылып отыр.

Мектепке бас сұққан тәртіп сақшылары, сондай-ақ, қоғамның әр саласының өкілдерінің қатысуымен жасөспірімдер тарапынан жасалатын құқықбұзушылықтарды болдырмау туралы арнайы жиын өткізді. Тақырып “Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдар” деп аталады. Осыдан кейін облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Дәурен Қазбеков өңірде балалар жасайтын құқықбұзушылықтардың 2,8 пайызға азайғанын атап өтті.

Дәурен Қазбеков, СҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының бастығы:


– Қала мектептерінің барлығында кәмелетке толмағандармен жұмыс жасайтын инспекторлар тағайындалған. Ал, мұндай кабинет бірінші рет Назарбаев мектебінде ашылып отыр.

Жалпы бүгінде өңір мектептерінде кәмелетке толмағандар істері жөніндегі 121 инспектор-маман жұмыс істейді.

 

Акбопе Танирберген