Құқық қорғау органдары

Петропавлда түнгі уақытта күштілігі жоғары спирттік өнімдерді сататын дүкендер анықталды

Асқар Махмет – СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:


– Облыстық кәсіпкерлер палатасына бизнес иелерінен заңсыз арақ өнімдерін саудалайтын орындардың қызметі жайында шағымдар көптеп түсуде. Өйткені, осындай пысықайлардың теріс әрекетінен заңды сақтайтын бизнес субьектілері табыстан қағылады.

Рейд барысында құқық қорғау қызметкері Ойқала ауданындағы 2 дүкенге кірді. Қос нысанның да қызметкерлері рұқсат етілмеген уақытта арақ-шарап бермейтіндері туралы сыңай танытты. Ал, мына “Элен” шағын маркеті алкогольді түнде сатуға әдістеніп алған көрінеді. “Мың асқанға бір тосқан” дегендей, күштілігі жоғары спирттік өнімді ұсынған дүкенші бұл жолы құқық қорғау органы өкілдерінің қармағына ілікті.

Заңды орындау – баршаға ортақ парыз. Енді, талапты ескермеген сатушы 10 АЕК – 18 920 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.

Эльдар Нұрғалиев – Петропавл қалалық ІІБ ӘПБ бөлім бастығы:

– Алкогольдік өнімдерді тыйым салынған уақытта сатқан кәсіпкерлер ҚР Әкімшілік Кодесінің 200-ші бабына сәйкес 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Аталған іс қалалық мамандандырылған сотқа жіберіледі.

Мұндай рейдтік шаралар алдағы уақытта жалғасатын болады.

 

 

Бакыт Садуакасов