Балалар

Петропавлда облыс әкімінің кубогы үшін жайдарман ойындары өтті

Нұрсұлтан Жапаров – «Тайынша ұландары» құрамасының мүшесі:


–  Осы жайдарманға қатысып, өнерімізді көрсетіп, әділ қазылар командамызды бағалап, жанкүйерлер көрсін деп «Тайынша ұландары» командасы құрылды. Бүгінгі әзілдеріміз көбіне өмірден алынған. Баласының ата-анасымен қатынасы, спорт туралы.

Ал мына құраманы жайдармансүйер қауымға таныстырмаса да болады. Себебі, 4 жыл қатарынан «Павлодар жастары» жоғары лигада өнер көрсетіп, дүйім жұртты өз әзілдерімен баурап алуда. Бүгінгі фестивальға қонақтарымыз Петропавлды әбден зерттеп, тыңғылықты дайындықпен келген сыңайлы.

Павлодардан арнайы шақыртумен келген қыз-жігіттердің әр әзілі өтімді болып, солтүстікқазақстандықтардың көңілін біраз көтеріп тастады. Алыстан ат терлетіп жеткен меймандар петропавлдықтардың жылы ықыласына дән риза.

Олжас Қоңыратбаев – «Павлодар жастары» құрамасының мүшесі:


–  Қызылжар сахнасына біз осымен екінші рет келіп отырмыз. Осыдан екі жыл бұрын Қызылжар орталық лигасының чемпиондары атағын алып кеткен болатынбыз. Жалпы бүгінгі ойын жақсы өтеді деген ойдамыз. Өте қызықты. Халық та көптеп жиналыпты. Бізге ұрылған шапалақ – еңбегіміздің жемісі.

Сондай-ақ, бұл күні сырт-келбетімен де, әзілімен де ерекше көзге түскен топтардың бірі – астаналық «Күлтегін» құрамасы. Құрылғандарына 8 жыл болған команда жерлес жас құрамалармен тәжірибе бөлісу үшін келген екен.

Әділет Төлеутай – «Күлтегін» құрамасының капитаны, Астана:


–  Біздің команданың жоғары лигада ойнап жүргеніне 7 жыл болды. Соның ішінде қазіргі құрам 4-ші маусымын өткізіп жатыр. Жас командаларға береріміз, біріншіден, тәжірибе. Екінші ол – әзіл жазу форматын үйрету. Себебі, бүгінде жайдарман қазақ жастары арасында кеңінен таралған. Сол себепті, бұл жерде біздің атқарар рөліміз зор.

Айту керек, фестивальдің құрметті қонақтарының қатарында «Қазақстан КВН одағының» президенті Есен Елеукен болды. Еліміздегі жайдарманшылардың жетекшісі солтүстіктегі әзілкештер құрамаларына әлі де тынбай еңбектеніп, тәжірибе жинау керек деді.

Есен Елеукен – «Қазақстан КВН одағының» президенті:

– Оңтүстікте, батыста команда саны көп, сапасы да жоғары. Бірақ, солтүстікте ұйымдастыруы біршама алда. Дегенмен, команда жағынан жарқ еткен нәтиже әлі аздау. Егер алған бағыттан таймаса, алдағы уақытта өз жемісін береді. Егер де билік тарапынан бұдан да жақсы қолдау көрсетілсе, нәтиже әрине де болады. Бұған біз ойын есебінде қарамауымыз керек. Бұл – әлеуметтік жоба.

Жалпы әкім кубогы үшін тартыс жергілікті 9 команда мен Астана және Павлодар қаласынан келген 2 құрама арасында өтті. Нәтижесінде 3- ші орынды Айыртау аданының «Алтын жүрек» деп аталатын тобы иеленді. Жүлделі 2-ні «Қызыл ту» құрамасы алса, бірінші орынды елордалықтар еншіледі. Ал бас жүлдені «Павлодар жастары» қанжығасына байлап әкетті. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар, кубок және дипломдар табысталды.

Айгерим Ержанова