МТРА жаңалықтары

Өңірімізде шағын және орта бизнес пен қысқы спортты дамыту қажет

Евгений Глотов – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– Биылғы жоспар бойынша 16 жобаның 12-сі жүзеге асырылып, 370 жұмыс орны құрылды. Жыл аяғына дейін тағы 4 жоба орындалмақшы. Осылайша, үстіміздегі жылы Аққайың ауданындағы “Икеа тас групп”, Тайынша ауданында “Арбат Ас”, Петропавлда “Радуга”, “Единство” компанияларында жаңа желілер іске қосылып, 100-ден астам адам жұмысқа алынады.

Үстіміздегі жылы өңірімізде “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасын жүзеге асыру үшін ел қазынасынан 2,2 млрд теңге бөлінді. Қаражаттың 3/1 бөлігі сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға, қаржылай кепілдікке бағытталыпты. Мұнымен қоса өңірлік үйлестіру кеңесінде 155 кәсіпкердің өтініші мақұлданып, 103 бизнес иесінің алған несиесінің жылдық пайыздық мөлшерлемесі төмендетілді.
Былтырғыға қарағанда мемлекеттік қолдауға жүгінетін елді мекен тұрғындарның үлесі 10 пайызға өскен.

Евгений Глотов – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– Тағы жыл аяғына дейін “Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020” бағдарламасының 2-бағыты бойынша 300-ге жуық адамды жұмысқа орналастыру жоспарда бар. Биыл аталмыш бағдарлама аясында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының жергілікті филиалы 235 кәсіпкердің шағын бизнесін қаржыландырған. Соның 186-сы ісін жаңадан бастаған.

Одан кейін “Агробизнес”, “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” бағдарламаларының жүзеге асырылу барысы жайлы қысқаша мәлімет берілді. Осы жерде аймақ басшысы жергілікті атқарушы органдарға әлі де болса кәсіпкерлермен белсенді жұмыс жасау қажеттігін айтты.

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Дамыған елдерде ішкі жалпы өнімнің 60-90 пайыз үлесі
шағын және орта кәсіпкерлікке тиесілі. Ал біздің өңірде ол 27 пайызды ғана құрайды. Аққайың, Уәлиханов, Ақжар аудандарында жұмыс сылбыр жүргізіліп жатыр. Мұнда жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлермен тиісті деңгейде жұмыс атқармайды. Өңірімізде кәсіпкерлік дамыса, жаңа жұмыс орындары құрылып, салықтық түсім мол болады. Және әр ауданда кемінде 2 старт-аптан болуы қажет. Осыны қазірден бастап қолға алыңыздар.

Бұдан кейін өңірімізде қысқы спорт түрлерін дамыту жайы сөз етілді.
Бүгінде облыста шаңғы, коньки, биатлон, хоккей, шорт-трек, қысқы Президенттік көпсайыс, керлинг сынды 9 қысқы спорт түрлерін дамытуға ден қойылған. Бірақ, Жамбыл, Мамлют, Аққайың, Ақжар аудандарындағы спорт клубтарында шаңғы, коньки сынды спорттық жабдықтар жетіспейтін көрінеді.

Виктор Бестик, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Қазіргі таңда облысымызда қысқы спорт түрлері бойынша 426 үйірме жұмыс істейді. Онда 7 мың адам спортпен шұғылданады. Қыста облыс орталығы мен аудандарда 327 хоккей корты, 22 шаңғы базасы, 126 шаңғы мен конькиді жалға беретін бекеттер жұмыс істейтін болады.

Жылда аудан мен облыс дейгейінде жарыстар ұйымдастырылып, сол арқылы тұрғындарды спортқа тарту көрсеткішіне мониторинг жүргізіліп тұрады. Өңір жетекшісі тиісті басқарма басшыларына кем-кетікті түзетіп, елді мекен тұрғындарын барынша бұқаралық спортқа тарту көрсеткішін жоғарылатуды жүктеді.

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қысқы спорт түрлері бойынша біздің өңір көш басында болуы қажет. Ол үшін жақсы мүмкіндіктер бар. Қар қалың түседі, біраз жерлерде хоккей корттары орналастырылған. Шаһарымызда спорт сарайы ашылды. Біз тағы да бір рет келесі жиында қысқы спорт түрлерін дамыту жөніндегі сұрақты егжей-тегжейлі қарастырайық.

Бүгінде СҚО атынан ел құрамасында қысқы спорт түрлері бойынша 69 жерлесіміз жаттығады. Өңіріміздің маңдайалдысы саналатындарға ай сайын облыс әкімінің гранты мен стипендиясы беріліп тұрады.

 

Берик Касен