Спорт

Қазанның 29-і күні петропавлдық “Құлагер” ХК өзінің үйдегі алғашқы кездесуін өткізеді

Алаңда шайбаны әріптеске тура жеткізіп, қақпаға дәл салу. Бұл жаттығуды үстіміздегі жылы құрылған жергілікті “Құлагер” хоккей клубының ойыншылары күнде қайталайды. Жерлестеріміз ертең қонақтарға тегеурінді қарсылық таныту үшін дайындықты күшейту қажеттігін біледі.

Шабуылшы Антон Дубинин бұл спорт түрімен 4 жасынан бері айналысады. Жасы 31-ге жеткен тәжірибелі ойыншы өткен маусымда қарағандылық “Сарыарқа” командасының намысын жоғарғы хоккей лигасында қорғаған. Кейін Беларусьте ойнап, енді міне құлагерліктердің шабуыл шебін күшейтуде.

Антон Дубинин – “Құлагер” ХК шабуылшысы:


–  Ертеңгі кездесу тартысты өтпек. Себебі, “Номад” маусымды жақсы бастады. Біздің команда сапында да жарақаттанған ойыншылар сауығуда. Жаттығуды үзбей, күнде өткізіп тұрамыз. Олар да, біз де агрессиялық хоккей ойнаймыз. Мұз айдынында қарсыластарымызға дайындаған тосын сыйымыз бар. Ертеңгі кездесу тартысты болады.

Жерлес спортшылардың кезекті жаттығуы 1,5 сағатқа созылды. Булиттар сериясынан кейін хоккейшілер бір-біріне қарсы матч өткізуде. Ал алаңдағы ойыншылардың қырағылығын бас бапкер Вячеслав Белан көз алмай бақылау үстінде. Өйткені, ол бүгінгі жаттығудан кейін астаналық “Номад”-қа қарсы ойнайтын бестіктердің тізімін жасап, жариялайды. Еске сала кетейік, “Құлагер” хоккей клубының үйдегі алғашқы ойыны қазанның 29-ы күні сағат кешкі жетіде басталады.

Антон Дубинин – “Құлагер” ХК шабуылшысы:


–  Құлагер командасының барлық жанкүйерлерін ертеңгі матчты тамашалауға шақырамын. Өздеріңіздің сүйікті клубтарыңызға қолдау көрсетіңіздер. Біз де өз кезегімізде сіздерге жақсы ойын сыйлаймыз.

Айта кету қажет, жергілікті “Құлагер” командасы турнирлік кестеде 26 ұпаймен 8-ші орында тұрақтап тұр.

 

 

Риат Шони