Мәдениет

Жерлес фортепианошы Эвелина Лещенко республикалық байқауда жеңімпаз атанды

Эвелина Лещенко – “Өнер колледжі музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат” кешенінің оқушысы:

– Сайыста маған қолдау көрсетуге анам мен құрбым барды. Байқау қиынға соқты. Мен қатысушылар арасында 7 мен 10 жас ерекшелігі бойынша бағымды сынадым. Сайыскерлердің барлығы мықты болды. Марапаттау кезінде менің жеңіске жеткенімді жариялағанда сеніңкіремедім. Бағым жанып, алтыннан алқа тағынғаныма қуаныштымын.

3-ші сынып оқушысы Эвелина музыкаға 5 жасынан әуестеніпті. Ең алғашқы дәрісті балабақшадағы тәрбиешісі берсе, қазір жеткіншекті Өнер колледжіндегінің педагогы Юлия Команок оқытады. “Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы” дегендей бұл тәлімгердің жетекшілігімен білім ошағының екі оқушысы соңғы жылдары республикалық байқауда қатарынан жеңіске жеткен екен.

Юлия Команок – “Өнер колледжі музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат” кешенінің оқытушысы:

– Республикалық байқауға біз алғаш рет қатысып отырған жоқпыз. Өткен жылы да барып, бағымызды сынадық. Онда да жолымыз болып, бірінші орынды иелендік. Жалпы бұл конкурстардың кішкентай балаларға берер пайдасы мол. Олар байқауда қазылық етіп отырған композиторладың туындысын ойнайды. Олармен тіл табысып, аға-әпкелерінің ақыл-кеңесін алады.

Ендігі кезекте дарынды музыканттар келер жылы Омбы қаласында өтетін “Сибирь зажигает звезды” атты халықаралық байқауында бақтарын сынамақ жоспарда.

 

Риат Шони