МТРА жаңалықтары

Қызылжар ауданында тоқыраудың аз-ақ алдында тұрған 5 кәсіпорын қайта іске қосылды

Мұндағы 11 қоймада 35 мың тонна астықты сақтауға болады. Серіктестік басшылығы биыл Қызылжар, Аққайың, Мамлют аудандарының шаруаларынан 8 жарым мың тонна сары алтын қабылдап алыпты. Осы күні түрлі сыныптағы астықты шаруалардан жинау жалғасуда. Кәсіпорын басшылығы 4-ші кластағы бидайдың әр тоннасын 30 мың теңгеге бағалап отыр. Келер жылдың күзінде “Компания Нұр Астық ЛТД” серіктестігі сыйымдылығы 16 мың тоннаны құрайтын майлы дақылдарды кептіріп, сақтайтын кешенді іске қоспақшы. Құны 450 мың АҚШ долларына бағаланған нысанның осы күні жобалық-сметалық құжаты әзір.

Мұндағылар бидайды сақтап қана қоймай, мына алып диірмен кешенінде айына 500 тонна ұн үгіп, өнімді қазақстандықтар мен өзге елдерге өткізіп мол табыс табуда. Жыл басынан серіктестік 350 млн теңгенің өнімін өткізген. Бұл шамаман 5 мың тоннаны құрайды. Жергілікті тауардың басым көпшілігі еліміздің әр түкпіріне жеткізілсе, 350 тоннасы Ресейге жөнелтіліпті. Қазанның 27-сі кәсіпорын ұн тиелген үш вагонды Ауғанстан еліне жөнелтті. Биыл мұндағылдар келісім-шарт бойынша жыл аяғына дейін аталған мемлекетке темір жол торабы арқылы 1000 тонна өнім жеткізбекші.

Әсет Рахматуллин, “Компания Нұр Астық ЛТД” ЖШС директорының орынбасары, Қызылжар ауданы:

– Болашаққа алған бағдарымыз айқын. Осы өнім түріне мұқтаж елдерден сенімді серіктестер табуға мүдделіміз. Қазір ұнымызды сатып алатын тұрақты клиенттеріміз бар. Нан және кондитерлік өнімдер әзірлейтін компаниялармен серіктеспіз. Ара-тұра аймақтар мен аудандарға шығып, жәрмеңкелерге қатысып, тауарымызды жұртшылыққа таныстырамыз.

Кезінде 2 жыл тұралап қалған “Компания Нұр Астық ЛТД” серіктестігінің бүгінде аяқ алысы жаман емес.

Әсет Рахматуллин, “Компания Нұр Астық ЛТД” ЖШС директорының орынбасары, Қызылжар ауданы:

– Бұл кәсіпорын 2 жыл тұралап тұрды. Оны бұрынғы қожайыны кепілдікке қойып, кейін сатып алуға қаражаты жетпей қалған көрінеді. Біз элеватор мен диірмен кешенін 2-ші деңгейлі банктен 372 млн теңге сомасында несие рәсімдеп, сатып алдық. Өндірістік желілерді іске қосқанымызға тура бір жыл толды. Қазір жоғары, 1-ші, 2-ші сорттағы ұн шығарамыз. Алдағы уақытта тапсырыстар саны артып жатса, өндіріс көлемі мен жұмысшылар санын көбейтеміз.

Осы күні кәсіпорында 50 адам тұрақты еңбек етуде. Олардың орташа айлық жалақысы 45 мың теңгенің маңайында. Жұмысшылардың дені – Кондратовка селосының тұрғындары. Осында біраз шақырым жолды артқа тастап көршілес ауылдар мен Петропавлдан келіп жұмыс істейтіндер бар. Солардың бірі Хайрулла Каджипов диірмендегі барлық процесті қадағалап отырады.

Хайрулла Каджипов, “Компания Нұр Астық ЛТД” ЖШС технологы, Қызылжар ауданы:

– Мұнда бидайды жуып, аздап кептіріп, кейін қауызын дәнінен ажыратып ұн үгеміз. Осы істе 8 жылдық еңбек өтілім бар. Бұл компанияда жұмыс істегеніме биыл 1 жыл толды. Өзім облыс орталығында тұрамын. Күнде көлікпен жұмысқа әкеліп, кешқұрым үйге тегін жеткізіп тастайды. Серіктестік басшылығы қысылғанда қол ұшын береді. Жалақым жақсы. Бәріне көңілім толады.

Диірменде үгілген ұн 2, 25, және 50 келілік қапшықтарға салынады. Көтерме, бөлшек саудамен өнімнің әр келісі делдалдар мен тұрғындарға бірдей 180 теңгеден сатылады екен. Вера Терехова – осы компанияның тұрақты тұтынушысы. Зейнеткер 50 келі жоғары сұрыпты ұнды 3 600 теңгеге сатып алады.

Вера Терехова, Қондратовка селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

 

– Кондратовка аулының барлық тұрғыны ұнды осы жерден сатып алады.
Ұнның сапасы жақсы. Аппақ, қанша өңделсе де адам ағзасына пайдалы құрамындағы дәрумендерін жоғалтпаған. Үйде ұнан тәтті тоқаштар әзірлеймін.

“Компания Нұр Астық ЛТД” ЖШС-гінің әкімшілігі келешекте Өзбекстан, Иран елдеріне ұнды жеткізіп тұру жөніндегі келісім-шарт жасаспақшы.

Берик Касен