Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда балалардың сырт киімдері тігілмек

Дарья Вахина – «Прогресс» тігін фабрикасы» ЖШС тігіншісі:

– Мұнда міне, арнайы желден қорғайтын матаны тіктік. Теріскей аяздарында ол суық өткізбейді. Өзімнің балаларым бар, сондықтан осында жасалған өнімнің сапалы екендігін білемін. Оның үстіне түстері де ашық, модельдері де әртүрлі.

Бүгін фабрика жұмысымен облыс әкімі Ерік Сұлтанов танысты. Өңір жетекшісі цехтарды аралап, әскери азаматтарға жасалып жатқан камуфляждарды қарады. Кейін «Ирбистайл» маркалы балалар киімдерін тігу барысын байқады. Бүгіндері кәсіпорында 145 адам еңбек етеді. Ал жаңа істі қолға алған мекемеге одан да көп жұмыс күші қажет. Сондықтан, фабрика басшысы тігіншілер жетіспеушілігі байқалуда дейді. Нақты айтқанда, серіктестік қосымша 80 азаматты еңбекпен қамтымақ. Осы ретте өңір жетекшісі бұл мәселені шешуге көмектесетіндігін жеткізді.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

– Кәсіпорын тұрақты дамып келеді. Мұндағы жалақы көлемі жақсы. Орташа есеппен қызметкерлер 100 мың теңге алады. Қазір мекеме қосымша жұмыс орындарын ашпақ. Сондықтан, тігіншілерді даярлау керек. Екіншіден, өңір оқушыларына арналған форма әзірлеу ісін қарастыру қажет. Ортақ киім үлгісін әзірлеп, кейін оны жасауға тапсырысты осы фабрикаға берсек, ол нарықтағы бағаға қарағанда арзанырақ болады. Сол жағын білім басқармасымен шешіп көреміз.

Кәсіпорын киім тігуде Түркия, Кореа және Қытайдан әкелінген шикізаттарды қолданады.

Борис Бутыч – «Прогресс» тігін фабрикасы» ЖШС директоры:

 


–  Біз негізінен әскери және арнайы киімдерді тігумен айналысатынбыз. Кейін балалар киімдерін тігуді қолға алу қажет деген идея туындады. Содан соң дизайнерлермен бірігіп, 160-тан астам киім үлгісін жасап, 2016 жылдың көктем-күзіне арналған жаңа топтаманы шығардық. Қыркүйек айында біз Мәскеуде өткен көрмеге осы киімдерді апардық. Сонда жасаған тауарлар өзінің сұранысқа ие екендігін дәлелдеді.

“Жеті рет өлшеп, бір рет кес деген қағида” нақ осы кәсіпорын жайлы айтылғандай. Мұндағылар әр жасаған затқа ерекше ұқыптылықпен қарайды. Өйткені, балалардың талғамынан шығу оңай емес. Сондықтан, фабрикада жасалатын өнім шетелден жеткізілетін киімдерден еш кем түспесі анық.

Магжан Ахмадина