Спорт

«Қызыл-Жар СҚ» командасы сырт алаңда «Бәйтеректен» жеңіліс тапты

Қақпаларына тез гол жіберіп алған елордалық футболшылар есе қайтаруға үміттеніп, қарымта шабуылдар ұйымдастыру үстінде. Намысқа тырысқан алаң қожайындары ақыры көздегендеріне жетті. Бұл жолы Роман Нестеренконың қақпасына голды бұрынғы командалық әріптесі шабуылшы Игорь Попадинец соқты.

Қателікке бой алдырған қызылжарлықтар жағдайды қайта қалыпқа келтіру үшін алға аттанды. Десе де жас ойыншылардан жасақталған құрамадан айлаларын асыра алмауда. Дес бермеген елордалық футболшылардың көздегені теріскейліктердің қақпасы. Кезекті шабуылдары тағы өз жемісін әкелді. Бұл жолы қырағылық танытқан Игорь Попадинец кездесудегі дубльдың авторы атанды.

Осылайша, алғашқы таймда үш бірдей гол соғылып, футболшылар он бес минуттық үзіліске аттанды.

Ал екінші тайм қызыққа толы болғанымен аса қауіпті сәттер аз болды. Соның бірі емес бірнешеуі қарсылас команданың ойыншысы Абылайхан Дүйсен қорғаған қақпа маңында орын алды. Ұрымтал кездердің бірінде шабуылшы Давити Чагелашвили нысаннан мүлт кетсе, өзгелерінде әріптестері қорғаушылардың құрған қамалын бұза алмады. Осылайша, жерлестеріміз сырт алаңда елордалықтардан жеңіліс тауып, Премьер-лигаға шығу мүмкіндіктерін азайтып алды.

Али Алиев – «Қызыл-Жар СҚ» ФК жартылай қорғаушысы

– Бұл чемпионатқа қатысушы барлық командалар “Қызыл-Жар СК”-ға қарсы тұрып алған. Дәл бізбен кездесетін матчқа мықтап дайындалады. Бізді аяғынан шалуға әзір тұрады. Мұндай қысымды командадағы көптеген ойыншылар көрмеген. Сол себепті, оларға ойнау қиын. Бұл маусымдағы қателіктер біздің мойнымызда. Сол себепті, жеке өзім осы олықылықтар үшін петропавлдықтардан кешірім сұраймын. Енді үйдегі матчты ұтып, өзге қарсыластардың ойынын күтеміз. Әлі де болса жоғарғы лигаға өтуге мүмкіндік бар.

Ойын аяқталғаннан кейін «Қызыл-Жар СК» футбол клубының бас бапкері Владимир Фомичев пен президенті Григорий Лория өз командасына қолдау көрсетуге келген жанкүйерлерге алғыстарын айтып, сенімдерін ақтамағаны үшін кешірім етуді сұрады.

Ал жерлестеріміздің кезекті ойыны “Қарасай” стадионында қарашаның бірі күні өтеді. Онда теріскейліктер ақтаулық “Каспиймен” күш сынасады.

Риат Шони