Ауыл шаруашылығы

Биыл “СК Вагулинское” серіктестігі 3 мың тонна элиталық бидай тұқымын қамбаға құйды

Надежда Карандейкина – “СК Вагулинское” ЖШС бас агрономы, Қызылжар ауданы:

 

– Осы жылы дәнді-дақылдарды мамырдың 20-на дейін сепкен болатынбыз. Жиналған элиталық бидайдың 1400 тоннасын өзіміздің қажеттілігімізге сақтасақ, 1500 тоннасын облыс агроқұрылымдарына өткізуге әзірлеп қойдық. Қамбадағы бидайдың ылғалдылығы 14,5 пайызды құрайды.

Қызылжар ауданындағы “СК Вагулинское” серіктестігі биылғы күзгі орақты шашау шығармай, уақытында аяқтады. Агроқұрылым бидай егілген 5 мың гектар алқаптың әр гектарынан 30 центнерден өнім алған. Кәсіпорын биылғы көктемгі және күзгі дала жұмыстарында мемлекеттен бөлінген 19 миллион теңгенің субсидиясын пайдаланыпты. Ал өткен жылы “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасына жүгініп, 189 миллион теңгеге техника паркін жаңартқан.

“СК Вагулинское” серіктестігі мал шаруашылығымен де айналысады. Бүгінде мұнда сүтті бағыттағы симментал тұқымдас 750 ірі қара бар. Оның 400-і – сауын сиырлары.

Виктор Лавров – “СК Вагулинское” ЖШС бас ветеринарлық дәрігері, Қызылжар ауданы:

– Мына үлкен қорада 180 бас сүтті бағыттағы ірі қара бар. Сиырды күніне 2 рет сауамыз. Үрдіс механикаландырылған. Күніне орташа есеппен әр малдан 17-19 литр сүт аламыз.

Ірі қараны да күтіп-баптап, пайда тауып отырған серіктестік өткен жылы заманауи мал кешенін салуды бастаған. Құны 700 миллион теңге тұратын жобаны агроқұрылым өзінің жеке қаражатына жүзеге асыруда.

Виктор Лавров – “СК Вагулинское” ЖШС бас ветеринарлық дәрігері, Қызылжар ауданы:

– Жаңа кешен 680 басқа шақталған. Оның жартысындағы шаруаны толықтай тындырдық. Жоспар бойынша сүтті ірі қараны ұстауға арналған нысанды 2017-ші жылға қарай тапсырамыз деп отырмыз.

Серіктестік күніне ақтың 5 тоннадан астамын Петропавалдағы “Сүт одағы” кәсіпорнына өткізіп тұрады.

Бакыт Садуакасов